сурет ашық дереккөзден алынды
WhatsApp-та және өзге де әлеуметтік желіде қазақстандықтар 26 сәуірден 10 мамырға дейін Интернетке кіре алмайтыны туралы хабарлама тарады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" stopfake.kz порталына сілтеме жасап.
Желіні ажырату туралы хабар алдымен Павлодар облысында тараған.
"Жаңа ғана дүкенге хабарлама әкелді. 26 сәуірден 10 мамырға дейін интернет мүлдем болмайды деді. Кімде электрон касса болса, калькулятор, таразы қойыңыздар. Халыққа қолма-қол ақша алуды ескертіңіз", - дейді аудиодағы әйел.
Өңірдің Цифрландыру басқармасы мұны жоққа шығарды.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. 2023 жылғы 24 сәуірдегі жағдай бойынша барлық байланыс операторының ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сіздерді сенімді дереккөздерден алынған ақпаратқа сенуге және фейк ақпараттар таратпауға шақырамыз», – делінген хабарламада.
Демек, таралған ақпарға сенбеген жөн. Қазақстанда 26 сәуірден 10 мамырға дейін Интернетке кіруді өшіру жоспарда жоқ.