03 сәу, 2023 сағат 19:27

1 шілдеден неке Халыққа қызмет көрсету орталығында қиылады

Фото: shutterstock

Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда некені тіркеу Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылады. Аталған жаңашылдықты Әділет министрлігінің баспасөз қызметі түсіндіріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір «Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес Азаматтық хал-актілерін тіркеу (АХАТ ) бөлімі тууды, қайтыс болу, неке (ерлі-зайыптылықты) қию және бұзу процесін жүргізеді. Сонымен қатар аты-жөнді ауыстыруда, ата-ана атанғанда, бала асырап алған кезде, азаматтық хал акті жазбаларын түзетіп, қалпына келтіреді және жояды. Сол сияқты бастапқы және қайталама куәліктерді, электрондық нысандағы немесе қағаз жеткізгіштегі анықтамаларды, азаматтық хал актілері жазбаларының көшірмелерін береді. Одан бөлек, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кітаптары мен куәлік бланкілерінің сақталуын қамтамасыз етеді», - делінген ресми хабарламада.

Президенттің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді бөлу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары жергілікті атқарушы органдарына берілген.

Әділет министрлігінде мемлекеттік деректер қорларын және ақпараттық жүйелерді жүргізу, әдістемелік және нормативтік қамтамасыз ету функциялары қалдырылды.

«2022 жылғы 14 шілдедегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі функция биыл 1 шілдеден бастап мемлекеттік корпорацияға беріледі», - дейді ведомстводан.

Әділет министрлігі АХАТ функциясын мемлекеттік корпорацияға берудің факторларын атап көрсетті.

«Бүгінде мемлекеттік корпорация халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері. Мемлекеттік корпорация әлеуметтік төлемдерді ресімдеу, жер учаскелеріне құжаттарды ресімдеу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, жылжымалы мүлік кепілдерін тіркеу, жылжымайтын мүлік объектілерін техникалық тексеру, заңды тұлғаларды тіркеу қызметтерін қабылдауды және өңдеуді шоғырландырды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, АХАТ функциясын мемлекеттік корпорацияға беру АХАТ қызметін жоюды көздемейді, олар тиісті құзыреті бар мемлекеттік корпорацияда орналасады», - деп түсіндірілді.

Неке туралы кодекстің 13-бабына сәйкес, неке тіркеуші органдарда не арнайы мемлекеттік неке сарайларында қиылады. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап некені тіркеуші органы болып мемлекеттік корпорация анықталды.

2023 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық активтер және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес кодекстің 182-бабына азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу қызметтеріне ақы төлеу бойынша өзгерістер енгізілді (2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі).

Осыған байланысты, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркегені үшін көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу мөлшерін Әділет министрлігімен және монополияға қарсы органмен келісім бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі) айқындайтын болады.

Бұл ретте кодекстің 182-бабына сәйкес азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу қызметтері үшін ақы төлеуден келесі адамдар босатылады:

1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы бо қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, кемінде алты адам жұмыс істеген (қызмет еткен) адамдар 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар адамның ата-анасының бірі, мүгедектігі бар бала, қорғаншылар (қамқоршылар) растайтын құжаттарды көрсеткен кезде-азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркегені және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы қайталама куәліктер мен анықтамалар бергені үшін;

2) мемлекеттік ұйымдар – туу туралы қайталама куәліктер бергені үшін;

3) жеке тұлғалар – баланың тууын мемлекеттік тіркегені және туу туралы куәлік бергені үшін;

4) жеке тұлғалар – қайтыс болу мемлекеттік тіркегені және қайтыс болу туралы куәліктерді, қайталама куәліктерді, анықтамалар мен хабарламаларды бергені үшін;

5) жеке тұлғалар – азаматтық хал актілерінің күшін жойғаны үшін;

6) жеке тұлғалар - азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кезінде жіберілген қателіктерге байланысты азаматтық хал актілерінің жазбалары өзгерген, толықтырылған, қалпына келтірілген және түзетілген кезде оларға куәліктер бергені үшін;

7) жеке тұлғалар – Қазақстан Республикасы азаматтарының әке болуды анықтауына, баланы асырап алуына байланысты тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбаларына өзгерістер, толықтырулар енгізгені және бала асырап алуға және әке болуды анықтауға байланысты Туу туралы қайталама куәліктер бергені үшін.

Сол сияқты ақпаратта азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу тіркеуші орган – мемлекеттік корпорация қызметкерлері жүргізетіні, аталған құзырет заңмен бекітілгені айтылған.

Кодекстің 53-бабына сәйкес жеке өмір, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады.

Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жұмыскерлер мен қызметкерлер, сондай-ақ жеке өмір туралы өзгеше түрде хабардар болған басқа да адамдар жеке және отбасылық құпияны сақтауға міндетті.

Азаматтардың жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Кодекстің 181-бабына сәйкес (2022 жылғы 14 шілдедегі заңы редакциясында) акт кітаптарының бірінші даналары азаматтық хал актісін бастапқы мемлекеттік тіркеу орны бойынша – ауданның (қаланың) тіркеуші органының архивінде, екінші данасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тіркеуші органының архивінде сақталады.

Осыған байланысты мұрағаттық кітаптардың сақталуын қамтамасыз етуді заңнама талаптарына сәйкес тіркеуші органның қызметкерлері де жүргізеді.

«Сонымен қатар, АХАТ функцияларын мемлекеттік корпорацияға беруде оның қызметкерлерін жұмысқа орналастыру бойынша барлық шаралар барынша қабылданатынын атап өтеміз. Осыған ұқсас жұмысты Әділет министрлігі мемлекеттік корпорацияға заңды тұлғаларды және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жөніндегі функцияларды беру шеңберінде жүргізді», - деп түсіндірді министрліктен.