Каспий теңізінің қазақстандық секторында ұсталған браконьерлерден бекіре тұқымдас - 3,8 тонна, ұсақ тұқымды 2,5 тонна балық, сондай-ақ 43 итбалық тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биылғы 31 наурыздан бастап Каспий теңізінің қазақстандық секторында 98 құқық бұзушы ұсталған. Оның ішінде 14-і – мемлекеттік шекара режимін және 71-і аумақтық және ішкі су (теңіз) режимін бұзғандар.
«65 жүзу құралы, 42 қозғалтқыш, 4 көлік құралы, браконьерлік аулау аспаптары (236 шақырымнан астам ау және ілмегі бар арқан, 66 тұзақ, 55,1 мың ілгек және басқалар) тәркіленді.
Браконьерлік заңсыз айналымнан 763 дана (3,8 мың кг) бекіре тұқымдас, 4947 дана (2,5 мың кг) ұсақ тұқымды балық, сондай-ақ 43 итбалық алынды. Браконьерлер келтірген зиян 85,6млн теңгеге бағаланып отыр», - деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінен.
Браконьерлерден тәркіленген 3824 тірі балық (оның ішінде 695 бекіре тектес) және 43 итбалық су айдынына қайта жіберілді. 1,88 млн теңгеге айыппұл салынды.
«Жалпы, 1 млрд. теңгеденартық мөлшердегі экологиялық залалға жол берілмеді. Іс-шаралар жалғасуда», - деді ведомстводан.