2021 жылдың 1 мамырынан ерікті жарна бойынша жеке зейнетақы шотын ашуға БЖЗҚ-ға түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы (ЕЗЖ) негіз болып табылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ерікті зейнетақы жарнасы салымшының – жеке тұлғаның өз кірісінен өзінің пайдасына аударған сомасы не салымшының (жеке немесе заңды тұлғаның) алушының пайдасына аударған сомасы болуы мүмкін. Бұл ретте жарналардың мөлшері мен мерзімділігін салымшы өзі айқындайды.
Атап кету керек, жеке тұлға өз кірісінен өзінің пайдасына ЕЗЖ аударған кезде салық заңнамасында төленген ЕЖЗ сомасына салық шегерімі қарастырылған», делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық агентінің (жұмыс берушінің) жеке қаражаты есебінен жұмыскердің пайдасына төлеген ЕЗЖ-сы корпоративті табыс салығын төлеу кезінде шегерілімге жатады. Сол уақытта жұмыс берушінің жұмыскердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомалары жұмыскердің кірісіне салық салу кезінде есепке алынбайды.
«Осылайша жұмыс беруші өз жұмыскерлерінің пайдасына ЕЗЖ төлей отырып, салық салу кезінде жеңілдіктерге, сондай-ақ, өз қызметкерлерін ынталандыруда қосымша құралға ие болады. Жұмыскер үшін бұл БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары сомасының өсуі, сәйкесінше, Қордан төленетін зейнетақы төлемдері мөлшерінің көбейуі ретінде оң сипат алады», делінген хабарламада.
Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейдегі банкілер (ЕДБ) не «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы аударуға болады. Екінші деңгейдегі бірқатар банкілер ЕЗЖ онлайн (мобильді қосымша немесе өзін-өзі қызмет көрсету терминалдары) арқылы аударуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өз пайдасына ЕЗЖ жарналарын тұрақты аудару үшін жұмыс берушінің атына өтініш жазуға да болады. Соның негізінде жұмыс беруші ЕЗЖ өтініш иесінің не үшінші тұлғаның пайдасына БЖЗҚ-ға тұрақты түрде аударып отырады.
Бұл ретте пайдасына ЕЗЖ аударылып тұратын жеке тұлғаны сәйкестендіру, ЕЗЖ төлеу барысында электрондық форматтағы төлем тапсырмасында көрсетілген жеке деректері (аты-жөні, ЖСН, туған күні) бойынша орындалатын болады. Жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрғылықты мекенжайы, өзге де деректері туралы барлық қажетті мәліметті БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен алады.