08 жел, 2020 сағат 09:50

Ұлыбританияда 91 жастағы тұрғынға бірінші боп Pfizer/BioNTech вакцинасы егілді

8 желтоқсанда Ұлыбритания тұрғындарға коронавирус вакцинасын жаппай егу бағдарламасын бастады. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен 80 жастан асқан адамдар вакцинациядан өтеді.

BBC сайтының жазуынша, коронавирус вакцинасы бірінші Маргарет Кинан есімді 90 жастағы әйел адамға салынған. Осы аптада 91 жасқа толатын тұрғын екпені "бұл - туған күніме жасалған ең керемет сыйлық" деп атаған.

«Менің айтарым мынау - екпе жасатыңыздар. Вакцина алып, өздеріңізді қорғаңыздар, бұл тегін жасалады. Мен екпе алдым, ендеше сіздер де жасата аласыздар. Бұл – жаман ауру. Егер біз эпидемияны тоқтатқымыз келсе, COVID-19-ға қарсы екпе алу арқылы сақтық шараларын қабылдауымыз керек», - дейді ол.

Екі күн бұрын Ұлыбританияға америкалық Pfizer және германиялық BioNTech компаниясы бірігіп әзірлеген коронавирус вакцинасының алғашқы партиясы (800 мың доза) жеткізілген еді. Өткен аптада Ұлыбритания әлемде бірінші болып бұл вакцинаны тіркеген болатын. 

BBC сайтының жазуынша, осы айдың соңына дейін 4 миллион адамға вакцина егіледі деп жоспарланып отыр. 

Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің бас директоры Саймон Стивенс Ұлыбританияда егілген алғашқы вакциналар "коронавируспен күресте шешуші рөл атқаруы мүмкін" деп мәлімдеді. 

Ұлыбритания Pfizer-BioNTech компаниясынан 40 млн доза вакцина алуға келіскен. Бұл - 20 млн адамға екі реттен салынады деген сөз. Вакцинация елдегі 50 шақты ауруханада жүргізіледі. Қараша айында компания вакцинаның вирустан 95 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп мәлімдеген.

Ұлыбритания - Еуропада вирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі. Мұнда 61 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған. Әлем үкіметтері мен денсаулық сақтау агенттіктері Ұлыбританияның вакцинация бағдарламасын мұқият бақылап отыр.

Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде бірінші орында тұрған АҚШ осы айдың соңына таман вакцинация бастауды жоспарлап отыр.