26 нау, 2019 сағат 19:29

М.Әшімбаев: «Nur Otan» партиясы саяси бәсекелестікке дайын

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары #NurOtanTrends пікірталас алаңының кезекті отырысында айтты. Бүгін өткен отырыста сарапшылар «Қазақстан саясатының жаңа келбеті» тақырыбында сөз қозғады.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев қазіргідей ел дамуына тікелей әсер ететін оқиғалар кезінде қоғамның ауызбіршілігі мен біртұтастығын сақтау өте маңызды екенін айтты.

– Осындай кезеңде қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, әр азамат өз жауапкершілігін түсініп әрекет етуі керек. Өйткені мұндай жағдайды өзінің жеке мүдделеріне пайдаланып, ел арасына іріткі салуды көздейтін кейбір күштердің бар екені белгілі. Сондықтан әрқайсымыз еліміздің болашағына жауапкершілікпен қарап, қоғамдағы бірлік пен берекені сақтауға күш жұмсауымыз қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы саясатын одан әрі жалғастырудың маңызы мен оның басымдықтарына тоқталды. Сондай-ақ ол осы бағытта «Nur Otan» партиясының еліміздегі барлық саяси күшпен әріптестік орнатуға дайын екенін атап өтті.

Бұдан басқа отырыста сарапшылар елдегі саяси бәсекелестік жайында да сөз өрбітті. Осыған орай Мәулен Әшімбаев бұл мәселенің өзекті екенін айтып, ол үшін елдегі өзге саяси партиялардың да белсенділіктерін арттыру керектігіне көңіл бөлді.

– «Nur Otan» партиясы қазір де, болашақта да бәсекелестіктен бас тартпайды. Қазіргі таңда партиямызда ауқымды жаңғыру үдерісі жүргізілуде. Оның басты мақсаттарының бірі заман үрдісінен тыс қалмай, жаңа талаптарға сай және бәскеге қабілетті болу. Болашақ – саяси бәсекелестікте. Сондықтан біз оған дайынбыз. Соның барысында біз «Nur Otan» партиясының мемлекеттің басты мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал ететін елдегі жетекші саяси күш екенін дәлелдейміз деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыстың модераторлық міндетін дәстүрге сай «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев атқарды. Пікірталас барысында қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкінбаев және «Nur Otan» партиясы жанындағы Стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Евгений Кочетов қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Әдеттегідей аталған отырыс онлайн режімде өткізілді. Іс-шараның жазбасын Мәулен Әшімбаевтың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан көруге болады.