12 ақп, 2020 сағат 08:03

Қытайда коронавирустан көз жұмғандар саны 1100-ден асты

Дүкенде азық-түлік алып жүрген тұтынушы. Қытай, Хубэй провинциясы. 11 ақпан 2020 жыл.

Қытайдың ұлттық денсаулық комиссиясы 11 ақпанда коронавирустан көз жұмғандар саны 1113-тен асқанын хабарлады, бір тәулік ішінде 97 адам қайтыс болған. 44 643 адам вирусты жұқтырған. Алайда вирусты жұқтыру оқиғасының азайғанына екі күн болды. Өткен тәулікте 2015 жаңа жағдай тіркелген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа вирустан пайда болған ауруға COVID-19 деген ат берді.

11 ақпанда Женевада өткен конференцияда ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус әлем елдерін "ірі қауіпке" төтеп беруге шақырды. Оның айтуынша, вирустар "адамдарды қыру жағынан кез келген содырдан асып түседі". Ұйым басшысы Қытай ғана емес, өзге елдерге де қауіп төніп тұрғанын айтты.

COVID-19 ауруы адамнан адамға тез жұғады. Қытайдан тыс аумақта ең ірі вирусты жұқтыру оқиғасы Жапонияда тіркелді. Иокагама портында карантинде тұрған Diamond Princess кемесінде вирусты жұқтырғандар саны 174 адамға жетті. Бір тәулік ішінде 39 адамға вирус жұққан. Кемені тексерген Жапонияның денсаулық сақтау мамандарынан да вирус белгілері табылған.

Diamond Princess 20 қаңтарда Жапонияның Иокогама қаласынан Кагосима - Гонконг - Окинава бағыты бойынша екі аптаға саяхатқа шыққан. Кейінірек Гонконгте жағаға түскен жолаушылардың бірінен вирус табылып, 3 ақпанда Иокогама портына тоқтап, карантинге жіберілді.

Кеме бортында 3 700 жолаушы және экипаж мүшесі болған. Кеме 19 ақпанға дейін карантинде болады.