Бұл жөнінде Сыр өңірінде өткен түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» өнер фестиваліне келген ирандық коллекционер Вели Мухаммед Ходжа мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінгі күнге дейін дархан даланың ұлылығын дәріптеген жауһар жырдың екі нұсқасы бізге белгілі. «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден және Ватикан қалаларында сақталған екі қолжазбасы бар. Бірінші нұсқада 12, екіншісінде 6 дастан жазылғаны бұрыннан мәлім. Ендеше, ирандық ғалым ұсынып отырған тағы бір нұсқа сол құнды қазынамыздың молаюына сүбелі үлесін қосатыны анық.
Вели Мухаммед Ходжа ұзақ жылдан бері құнды жәдігерлер жинаумен айналысып келеді. Осындай ізгіліктің істің нәтижесінде оның қолына қадым заманның қилы-қилы бейнесін қаз-қалпында жеткізетін жауһар жырдың жаңа нұсқасы түскен.
Ирандық коллекционер бұл қолжазбаны кездейсоқ қолына түсірген. Иран астанасы - Тегеран шаһарындағы кітап дүкеніне бас сұғады. Сол маңда оған онда бір адам ақ матаға оралған кітапты сататынын айтады. Ол дүниенің қолжазба кітап екенін аңғарған Вели Мухаммед Ходжа сатып алады. Кейіннен оны түркиялық ғалымдарға оқытты. «Құнды дүние «Қорқыт ата кітабының» тағы бір нұсқасы екені анықталды. Мұндай тұжырымды АҚШ еліндегі ғалымдар да жасады. Содан кейін елге жария еттім. Қолжазбаның көшірме нұсқасын Сыр өңіріне алып келуге шешім қабылдадым», - деді Вели Мухаммед Ходжа.
Бұдан бұрын әдебиеттану PhD докторы Бекарыс Нұриман «Қорқыт ата» кітабының тағы бір эпосы табылғанын жеткізген еді. Бұл жағымды жаңалықты Түркияның Байбұрт қаласында өткен халықаралық симпозиумда профессор Метин Екижи баяндамасында баяндап берген.
Бекарыс Нұриманның айтуынша, ирандық коллекционер айтқан нұсқа түрік ғалымдары тарапынан мақұлданған. Ол «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасы болып саналады.