15 қар, 2019 сағат 10:22

Қирабаев: Ел газетін "аударма-басылым" жасамай алып қалған Жұмабек Тәшенов еді

Бұрынғы «Социалистік Қазақстан» — бүгінгі «Egemen Qazaqstan» газетін өткен ғасырда аударма-газет жасамай алып қалған Жұмабек Тәшенов еді. «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай елордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ғалым, профессор, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Серік Қирабаев осындай естелігімен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз газеттің ең бір қиын кезеңдерінде – айтыс пен тартыстың, ұрыс пен диктатураның күшті кезінде қызметке бардық. Мен комсомолдың бір журналының редакторы едім. Қарақұлов деген Орталық партия комитетінің бөлім басшысы шақырып алды да, «Сіз «Социалистік Қазақстанға» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») қызметке барасыз. Редколлегияның мүшесі болып, әдебиет және өнер бөлімінің бастығы боласыз» деді. Сол барған жерде біршама айтыс-тартыс болып кетті. Диктатураның мықты кезі. Ол кезде Орталық партия комитеті кішкене асығыстау жасады – газетті аударма жасау керек деген әңгіме шықты. Сол бастаманы «газет елдікі» деп бөгеп тастаған Жұмабек Тәшенов еді. Сол Тәшеновтердің арқасында газетті аударма жасамай, алып қалдық. Сондай бір қиын кезеңді басымыздан өткердік», - деді Серік Қирабаев.

Профессор өз сөзінде ел газетінен көп жақсылық көргенін есіне алды.

««Egemen Qazaqstan» — қазір таза ұлттық газет! Газеттің үлкен тойымен барлықтарыңызды құттықтаймын», - деді Серік Қирабаев.

Айта кетейік, «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жаһандық медиасаладағы басылымның рөлі мен даму тенденциясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтn37