Әлем елдері коронавирусқа байланысты карантин мерзімін ұзартса, шамамен 1,5 миллиардтан астам адам нәпақасыз қалуы мүмкін. Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) арнайы баяндамасында осындай болжам айтылады.
Баяндама авторларының ойынша, бірінші кезекте экономиканың көлеңкелі және ресми емес секторында жұмыс істеп жүргендер жұмысынан айрылуы мүмкін. Алайда заңды жұмысы бар шамамен 300 млн адамға да жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр.
ILO бағалауынша, індеттің кесірінен әлемде 436 млн компания қиындыққа ұшыраған. Олардың арасында 232 млн сауда фирмалары, 111 млн өңдеу өнеркәсіп орындары, қызмет көрсету саласындағы 51 млн компания, жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын 42 млн агенттік, фирма бар.
Эпидемия басталғаннан кейін бір айдан соң АҚШ-та 20 млн-нан астам адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, жәрдемақыға өтініш берген. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш.
Соңғы мәлімет бойынша, әлемде үш миллионнан астам адамға коронавирус жұққан. 230 мың адам қайтыс болған.