Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендетуге 400 млрд теңге бағытталады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы бастама жасаған дағдарысқа қарсы шаралардың бірінші топтамасы аясында мынадай жұмыс жүргізілді. Біріншіден, экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламалары арқылы осы жылғы 10 сәуірдегі жағдай бойынша, банктер жалпы сомасы 422,2 млрд теңгеге 619 өтінім қабылдады. 292,2 млрд теңге сомаға 470 жоба мақұлданды. 153 млрд теңге сомаға 352 қарыз берілді», - деді Ұлттық банк басшысы.
Оның атап өтуінше, Ұлттық банк осы бағдарламаны қаржыландыруды 1 трлн теңгеге дейін 400 млрд теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылдады. Ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталатын болады.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін және жеке кәсіпкерлерді қолдауға арналған жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы әзірленіп, іске асырыла бастады. Бағдарлама аясында банктерге 12 айға дейінгі мерзіммен жалпы сомасы 600 млрд теңгеге негізделген салымдар бөлінді. Үш айда жүзеге асырылатын қаражатты игеру басталып кетті. Кәсіпкерлер 647 өтінім берді, 17,3 млрд теңге сомасына 45 қарыз берілді», - деді Ерболат Досаев.