Бүгін Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «Бек Эйр» АҚ-ның әуе компаниясының жолаушыларына күші жойылған рейстердің ақшалай қаражатты қайтару жөніндегі талап арызы бойынша бейнеконференц байланыс режимінде бірінші сот отырысы өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 сәуірдегі жағдай бойынша комитет 560 қазақстандық - «Бек Эйр» АҚ-ның клиенттерінің мүддесін қорғайды.
«Олар 37 млн теңгеден астам сомаға 1 070 билет сатып алған. Тұтынушылардың өтініштері комитетке күн сайын түседі. Сондықтан комитет талап арызды сот шешімі шығарылғанға дейін келіп түскен арыздармен толықтыратын болады», делінген хабарламада.
Сот отырысы барысында «Бек Эйр» АҚ-ның өкілі әуекомпания клиенттеріне ақша қайтару процесін бастағанын хабарлады.
Оның айтуынша, әуекомпания 300 млн теңгеге жуық қаржы қайтарған. Қаражатты қайтару үшін тұтынушы авиакомпанияға барып, билеттің алынғанын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.
Келесі сот отырысы 2020 жылдың 13 мамырында өтпек.