31 жел, 2021 сағат 13:28

Жылжымайтын мүлік бағасының аспандауы – бүкіләлемдік тренд


Жылжымайтын мүлік бағасының аспандауы – бүкіләлемдік тренд. Бұл туралы қараша айындағы баспана бағасына талдау жасаған ranking.kz жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сайттың мәліметі бойынша, қараша айында Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағасы 0,6%, яғни, шаршы метрі үшін 354,7 мың теңгеге дейін өскен. Ал қайталама нарықтағы баға бір айда 1,1% немесе шаршы метрі үшін 282,3 мың теңгеге дейін жеткен.

Осылайша бір жылдың ішінде жаңа тұрғын үй нарығында бағаның өсуі 15,2%, қайталама тұрғын үй нарығында 23,1% болып отыр.

«Жалпы жылжымайтын мүлік бағасының аспандауы – жалпы әлемдік тренд. Қазақстанда биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша жаңа тұрғын үй бағасының өсуі бір жыл ішінде 11,2% болса, «Еуростат» дерегі бойынша, Түркияда, бірден 33%, Чехияда 14,7%, Литвада 12,5%, Эстонияда 11,9%, өсім тіркелген. Люксембург пен Нидерланд елінде де пәтер бағасының өсуі деңгейі Қазқастаннан жоғары», - деп жазады ranking.kz.

Аналитикалық ресурс Қазақстанның Ұлттық банкі жылдық мөлшерлемені 9,75%-ға дейін көтеру арқылы инфляциялық қысымның әсерін бәсеңсіткенін, соның арқасныда біздег баспана бағасы әлемдік тренд деңгейінен әлдеқайда төмен болып тұр деген қорытынды жасайды. 

«Knight Frank LLP сарапшыларының мәліметтері бойынша, шолуда қарастырылған әлемнің 150 ірі қаласының 9-ында үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша тұрғын үйдің орташа құны үштен бірге өсті. Жалпы, әлемде қалалардағы тұрғын үй бағасы соңғы 17 жылдағы ең жылдам қарқынмен өсуде. Қаралып отырған қалалар бойынша орташа жылдық өсім үшінші тоқсанның қорытындылары бойынша 10,6% болды», - делінген сапартамада.

Аталған 150 қаланың ішінде ТМД елдерінен Ресейдің Санкт-Петербор (15-ші орын, жылдық бағаның өсуі — 24,5%) және Мәскеу (20-шы орын, 22,1%) қалалары бар.

Ал Қазақстанның ірі қалаларында үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша жаңа тұрғын үй бағасының жылдық өсуі Алматыда 13, Нұр-Сұлтанда 15,6%, Шымкентте 16,8% болған. Қайталама сегменттегі көрсеткіштер де жоғары: Алматыда 9,8%, Нұр-Сұлтанда 27% және Шымкентте 54,6%.

Ranking.kz бастапқы нарықтағы бағаның өсуі қайталама нарықтағымен салыстырғанда төмен көрінуін мемлекеттік бағдарламалардың тетігімен түсіндіреді.