05 қыр, 2019 сағат 12:34

Жылу беру маусымының басталуы үшін отын қоры жеткілікті - ҚР ЭМ

Алдағы жылу маусымының басталуы үшін отын қоры жеткілікті. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ертаев хабарлады.

Е. Ертаевтың айтуынша, Энергетика министрлігі ай сайын селекторлық салалық кеңес өткізеді, онда еліміздің жылыту кәсіпорындарындағы проблемалық мәселелері қарастырылады.

«2019 жылға арналған кесте бойынша 11 энергоблоктан 5 энергоблокты, 63 қазаннан 34 қазанды 46 турбинадан 20 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды. Әр түрлі кезеңдерде 4 энергоблокта, 30 қазандықта, 17 турбинада жұмыс жүргізілуде. Электр желілері бойынша 15 мың шақырым электр желілері жөнделіп, 836 қосалқы станцияда жұмыстар аяқталды», — деді ол.

Жалпы, ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары атап айтқандай, еліміздің барлық өңірлерінде жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

«Жылыту кәсіпорындарының жөндеу жұмыстары барысына үнемі мониторинг жүргізіледі және жөндеу жұмыстарының кестеге сәйкес орындалуы тұрақты түрде бақыланады. Жоспарланған жөндеу жұмыстары жылу кезеңінің басталуына еш кедергі болмай, уақытылы аяқталады», — деп сендірді Е. Ертаев. 

 РrimeМinister.kz