2020 жылғы қаңтар-қазан аралығында жалпы сомасы 191,6 млрд теңгеге 386,8 мың отбасы көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақымен қамтылды, депр хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазан айында осы жәрдемақы түрін жалпы сомасы 20,5 млрд теңгеге 388,1 мың отбасы алды. Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан артық бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Төлем мөлшері балалардың санына байланысты 44 532 теңгеден (4 бала) 77 951 теңгеге (7 бала) дейін, 8 және одан кейінгі әр балаға 4 АЕК-тен сараланған», - делінген Еңбек министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде.
Атап айтқанда, 8 баласы бар отбасы үшін жәрдемақы 88 896 теңгені құрайды, 9 балаға – 100 008 теңге, 10 балаға – 111 120 теңге, 11 балаға - 122 232 теңге, 12 балаға – 133 344 теңге, 13 балаға – 144 456 теңге, 14 балаға – 155 568 теңге, 15 балаға - 166 680 теңге, 16 балаға – 177 792 теңге төленеді.
Еске сала кетейік, Қазақстандағы көпбалалы отбасыларға олардың кірістерін есепке алмай берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде қарастырылған табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілді.
2020 жылғы 13 мамырда Мемлекет басшысы 8 және одан да көп баласы бар отбасылар үшін жекелеген мөлшерлерді белгілеу арқылы осы жәрдемақыны кеңейтуді қамтамасыз ететін заңға қол қойды.