Сурет ашық дереккөзден алынды
Жыл басынан бері 4,5 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4 575 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 111,1 мың этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (52,4 пайыз) Өзбекстаннан, 19,3 пайыз - Қытайдан, 6,3 пайыз - Түрікменстаннан, 5,3 пайыз - Моңғолиядан, 13 пайыз - Ресейден және 3,7 пайыз басқа елдерден.
Келген этникалық қазақтар негізінен, Алматы (27,9 пайыз), Маңғыстау (13,9 пайыз), Түркістан (6,8 пайыз) және Жамбыл (5 пайыз) облыстарына, сондай-ақ Алматы (9,0 пайыз), Астана (11 пайыз) және Шымкент (6,5 пайыз) қалаларына қоныстанған.
Сондай-ақ, 1 сәуірдегі жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны - 69,1 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші - 22,3 пайыз және зейнеткерлер - 8,6 пайыз. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде білім деңгейі бойынша, 18,5 пайызы жоғары білімді, 39,9 пайызы орта кәсіби білімді, 36,7 пайызы жалпы орта білімді және 4,8 пайызының білімі жоқ.