Жыл басынан бері 15 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
"1 қарашадағы жағдай бойынша 15 637 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 103,5 мың этникалық қазақ оралды", - делінген хабарламада.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (65,2 пайыз) Өзбекстаннан, 9,2 пайыз - Қытайдан, 8,8 пайыз - Ресейден, 8 пайыз - Түрікменстаннан, 4,8 пайыз - Моңғолиядан және 4 пайыз басқа елдерден.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28,1 пайыз), Маңғыстау (16,3 пайыз), Түркістан (8,7 пайыз) және Жамбыл (6,1 пайыз) облыстарына, сондай-ақ Астана (9 пайыз), Шымкент (6,9 пайыз) және Алматы (5,5 пайыз) қалаларына қоныстанған.
"Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,6 пайызды, еңбекке қабілетті жастан кіші 26,7 пайызды және зейнеткерлер 13,7 пайызды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16 пайызы жоғары білімді, 39 пайызы орта кәсіби білімді, 43,1 пайызы жалпы орта білімді және 1,9 пайызының білімі жоқ", - делінген хабарламада.