03 мам, 2023 сағат 11:57

Жыл басынан бері қанша этникалық қазақ қандас мәртебесін алды?

Фото: camonitor.kz

2023 жылдың басынан бері алты мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

"2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 6144 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 112,6 мың этникалық қазақ оралды.

Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (53,9 пайызы) Өзбекстаннан, 19,1 пайызы - Қытайдан, 12,1 пайызы - Ресейден, 5,6 пайызы - Түрікменстаннан, 5,7 пайызы - Моңғолиядан және 1 пайызы басқа елдерден келгендер", - делінген ведомство хабарламасында.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,2 пайыз), Маңғыстау (13,8 пайыз), Түркістан (6,4 пайыз), Жамбыл (5,1 пайыз) облыстарына, сондай-ақ Астана (11 пайыз), Алматы (8,8 пайыз), Шымкент (7,1 пайыз) қалаларына қоныстанған.

Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке жарамды жастағы этникалық көшіп-қонушылардың саны 68,8 пайызды құраса, 22,9 пайызы - еңбекке жарамды жастан кіші адамдар, 8,3 пайызы - зейнеткерлер.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 18%-ы жоғары білімді, 38,6%-ы орта кәсіби білімді, 37,4%-ы жалпы орта білімді және 5,9%-ның білімі жоқ.