Фото: gov.kz
Жыл басынан бері 1,5 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
"2023 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша 1 539 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 108,5 мың этникалық қазақ оралды", - делінген хабарламада.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (50 пайыз) Өзбекстаннан, 16,3 пайыз - Қытайдан, 15,9 пайыз - Ресейден, 8,4 пайыз - Түрікменстаннан, 4,5 пайыз - Моңғолиядан және 4,9 пайыз - басқа елдерден.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27 пайыз), Маңғыстау (16,6 пайыз), Түркістан (7,1 пайыз) және Жамбыл (3,6 пайыз) облыстарына, сондай-ақ Астана (10,5 пайыз), Алматы (7,6 пайыз) және Шымкент (6,5 пайыз) қалаларына қоныстанған.
Ағымдағы жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 69,1 пайызды, еңбекке қабілетті жастан кіші 22,7 пайызды және зейнеткерлер 8,2 пайызды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы кандидаттардың ішінен білім деңгейі бойынша: 20,1 пайызы жоғары білімді, 40,9 пайызы орта кәсіби білімді, 35,2 пайызы жалпы орта білімді және 3,8 пайызының білімі жоқ.