16 нау, 2021 сағат 12:29

Жыл басынан бері 51 млрд теңге мүгедектік бойынша жәрдемақы төленді

2021 жылғы қаңтар-ақпан айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 51 млрд теңге, асыраушысынан айрылу жағдайына 13,5 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2021 жылғы ақпанда республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге 25,6 млрд теңге, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша 6,8 млрд теңге бағытталды. 

2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 520,8 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 167,2 мың адамды құрады», - делінген Еңбек министрлігі мәліметінде. 

Мүгедектік және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауында болған адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 49 211 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 40 976 теңгені құрады.