2021 жылдың басынан бері 2,4 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сенсек, 1 наурыздағы жағдай бойынша 2 407 адам тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 73 мыңға жуық этникалық қазақ оралды.
Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (72,9%) Өзбекстаннан, 15% – ҚХР-дан, 4,6% – Түрікменстаннан, 3,5% – Моңғолиядан және 4% – басқа елдерден қоныс аударған.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (36,8%), Түркістан (16,4%) және Маңғыстау (10,2%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (12,7%) және Нұр-Сұлтан (5,9%) қалаларына қоныстанды.
1 наурыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар үлесі - 58,4%, еңбекке қабілетті жастан кіші - 24,3% және зейнеткерлер -17,3%.