Бүгінгі таңда ұсынылған жүзден астам әліпби жобасын жинақтап, жүйелейтін болсақ, оларды кірме дыбыстармен ішінара ымыраластырылған әліпби, кірме дыбыстармен мүмкіндігінше толық ымыраластырылған әліпби, түркі кеңесі ұсынған ортақ түркілік әліпби жобасы және төл дыбыстарымызды бейнелейтін таңбалардан құралған таза ұлттық дәстүрлі әліпби жобасы қатарлы нұсқалардың бар екендігі белгілі болып отыр.
Әрине, бұл нұсқалардың бәрінде де барлық ұлттарға ортақ қолданылмалы дыбыстар төңірегінде күрделі мәселе жоқ деуге болады. Алайда мұндағы ең маңызды түйіншек кірме дыбыстар мәселесі болып отыр. Оның ішінде жаңа әліпбиімізге «v, f, h қаріптерін қосу қажет сияқты» (Мырзаберген Малбақұлы) дегендей сыңайлар белең алуда. Сонымен бірге «ежелден бері келе жатқан ортақ сөздік қорда ф, х қаріптерімен жазылатын сөздер ерекше мол» деген уәждер де жиі кездеседі. Егер біз бүгін «ф» мен «в»-ны қимасақ, ертең «ч», «щ» мен «ц» - ны әліпбиімізден іздейтін боламыз. Сондықтан кірме дыбыстарды жаңа латын әліпбиімізден түбегейлі аластауымыз керек. У мен И - дің дауыссыз дыбыс екенін білмейтін “профессорлар” мен “академиктеріміздің” бұл мәселедегі ұстанымы «тағылымшылдықпен» көзге түсіп жүргендігі жасырын емес. Бұл тұрғыда тіл ғалымы Ә.Жүнісбектің сөзімен айтқанда, «әлеми жазудың тәжірибесіне қарасақ, ешбір мемлекет, ешбір халық кірме дыбыс үшін арнайы таңба ойлап таппайды немесе сол кірме дыбыстың төркін таңбасын алмайды. Таңбаны сол өзінің төл әліпбиінің ішінен қарастырады. Кірме дыбысқа сол дыбыстың төркін таңбасын қоса алу деген бұрынғы кеңес түркі республикаларында (оның қақ төрінде өзіміз бармыз) ғана болды».
Егер біз кірме дыбыстарды әліпбиімізге енгізетін болсақ, онда 1929 жылы ц дыбысына байланысты бір ғана ереже болса, ал 1938 жылы ц дыбысына байланысты тағы бір ереже қабылданғаны сияқты немесе 1938 жылы ю әрпіне байланысты ереже толықтырылғаны секілді қосымша емле-ережелер қаптап кететіні даусыз. Бұлай кірме дыбыстардың таңбалануын қосалқы ережелерде көрсететін болсақ, онда жаңа әліпбиге көшудің ешқандай қажеттілігі қалмайды. Сондықтан бір әліпбиде бір ғана емле ережесі болу керек деген заңдылықты қатаң сақтау қажет. Өйтпегенде біз тағы да қателікке бой алдырамыз да ана тіліміздің дәстүрлі жалпақ тілдік әуез-мәнерінен біржолата айрылып қаламыз. Сол себепті қабылданатын жаңа латын әліпби жобасын кең көлемді талқылаудан өткізу керек. Осы барыста «өлеңге әркімнің де бар таласы» демекші мен де өз талғамым бойынша ұлттық дыбыстарды таңбалаған әліпби жобамды көптің назарына ұсынып отырмын.
Бекқожа Жылқыбекұлының әліпби жобасы
Bvkhozha Zhelhebekuleneng clipbiy zhobase
№ |
кирилше |
лат. |
№ |
кирилше |
лат. |
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 |
А а Ә ә Б б Ғ ғ Г г Д д Е е Ж ж З з Й й Ққ К к Л л М м |
А a С с B b F f G g D d V v Zh zh Z z Y y H h К к L l M m |
15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 |
Н н Ң ң О о Ө ө П п Р р С с Т т У у Ұ ұ Ү ү Ш ш Ы ы І і |
N n Ng ng O o Q q P p R r S s T t W w U u J j X x E e İ i |
Бұл әліпби жобасының ерекшелігі: Жоба кірме дыбыстардан ада-күде арылып, негізінен «бір дыбыс – бір әріптік» ережені сақтады. Дыбыстарды таңбалаған кезде таңбаның қосарлануы мен асты, үсті белгілері болмау жағы қарастырылды. Әсіресе, өткен күндердегі жазу ауыстыру «науқанынан» сабақ алып, А-Ә, О-Ө, Ғ-Г, Қ-К, Н-Ң қатарлы ұлттық төлтума дыбыстарымыздың таңбаларының бір-біріне өте жақын деңгейде ұқсап қалмауы көзде ұсталды. Өйткені дәл осылай істегенде ғана бір-біріне жақын әрбір жұп дыбыстардың бір-бірінің орнына қолданылып кететін бұрынғы қателіктерімізді қайталамайтын боламыз. Сонымен бірге ұлттық төлтума дыбыстарымызға таңба белгілегенде дәл қазіргі кезде пернетақтада бар латын әріптерін пайдаланып дыбыстарды таңбалау жағы ескерілді. Өйтпегенде көптеген әурешіліктер туындайтындығы сөзсіз. Ал талас-талқы мен ой-толғам жарысы оқырмандар жағынан бола жатар деген ойдамын.
Бекқожа Жылқыбекұлы
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетiнің
доценті, ф. ғ. к