Сурет: Махамбет Әбжанның Facebook парақшасынан
3 ақпанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты журналист Махамбет Әбжанға үкім шығарды. Ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Әбжанға "көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-баптың 3-бөлігі) және "бопсалау" (194-баптың 4-бөлігі, 2-тармағы) баптары бойынша айып тағылған.
Бұған дейін прокурор Қожахметова айыпталушыға 11 жыл түрме жазасын сұраған еді.
Іске судья Айжан Құлбаева төрағалық етті. Ал, сот процесі жабық өтті. Алдын ала тыңдау кезінде қорғауға қарсы тарап сотты жабық өткізуді сұрап, судья өтінішті қанағаттандырған.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен жылы 3 шілдеде 39 жастағы Махамбет Әбжанды "кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалады" деген күдікпен қамауға алған. Ал журналист адвокаты арқылы тағылған айыптарды жоққа шығарған.
Әбжан былтыр қамауға алынардан екі күн бұрын Telegram-арнасында өзін қаралайтын жалған ақпарат таралып жатқанын жазған еді.
Еске салайық, бұған дейінгі сот процестерінде Әбжан сот істі объектив қарамай жатқанын алға тартып, судья Құлбаеваны ауыстыру туралы өтініш жасаған. Бұған істе жәбірленуші ретінде танылған тұлғадан жауап алу және ақшаның келу жолын тұтас зерттеу туралы өтініштің орындалмағаны себеп болған. Алайда судьяны ауыстыру туралы өтініші орындалмады.
Бұған қоса, алдын ала тыңдау кезінде айыпталушы мен адвокаты қысымға шағымданған.
2017 жылы Махамбет Әбжан "алаяқтық" бабы бойынша 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған. 2019 жылы шартты жаза алып, мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
Былтыр "Журналистерді қорғау комитеті" Үкіметті сынап жүрген журналистің ұсталуына алаңдаушылық білдірді.
Айта кетейік, "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады.