Фото: Otyrar.kz
Жүргізуші куәлігіне емтихандарды тапсыру ережелері антикормониторингінен кейін өзгертілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ІІМ-мен бірлесіп арнайы ХҚКО қызметіне мониторинг жүргізді. Оған бірнеше жыл бойы көлік құралдарын заңсыз ресімдеумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істер себеп болған.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында автокөліктерді заңсыз тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру шарттары анықталды.
Ақпараттық жүйелердің осалдығы, процестерді жеткіліксіз цифрландыруы, автокөлікті тіркеу рәсімінің жетілдірілмегендігі, емтихандарды қабылдау рәсімінің құқықтық олқылықтары, автомектептерде атүсті оқыту – осы факторлардың барлығы заңсыз делдалдық қызметтердің пайда болуына ықпал етті.
Мониторинг нәтижелері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі уәкілетті мемлекеттік органдардың атына 22 ұсыныс жолдады. Қазіргі таңда ұсыныстардың жартысынан көбі орындалды.
Мәселен, ІІМ өзінің барлық аумақтық бөлімшелерінде автокөлік құралдарының дерекқорын түзетуге қолжетімділікті жапты. Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің бұйрығымен жүргізуші куәліктерін беру рәсімі күшейтілді. Онда емтихан алушылардың міндетті биометриясы мен тестілеудің барлық процесін бейнетіркеу енгізілді, емтихандарды қайта тапсыру регламенті өзгертілді" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, пилоттық режимде арнайы ХҚКО мен ІІМ-де жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылған. Жүйеде автомобильдердің деректерін, міндетті төлемдер мен алымдарды, айыппұлдарды автоматты цифрлық салыстыру тетіктері көзделген, кез келген түзетулер үшін мүмкіндіктер алынып тасталған.
"Сонымен қатар, арнайы ХҚКО қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне жатқызу ұсынылды. Заң жобасы ҚР Парламентінде қаралып жатыр.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мамандандырылған ХҚКО-ларда құжаттарды ресімдеуге көмек ұсынатын тұлғалар әлі де болуы мүмкін. «Көмекшілердің» заңсыз қызметтеріне жүгінбеуіңізді сұраймыз. Егер сіз осындай фактілерге тап болсаңыз, онда Антикорға 1424 қысқа нөмірі бойынша дереу хабарлаңыз.
Арнайы ХҚКО қызметіндегі сыбайлас жемқорлық факторларын жою Антикоррупциялық қызметтің бақылауында" - делінген агенттік хабарламасында.