Фото: © Sputnik / Абзал Калиев
Жұмысынан айырылып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алып жатқандардың саны 46,4 мың болды. Биыл 16,5 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алады.
Жәрдемақы жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
- eGov.kz порталында авторизациялану;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
Бұл қызметті онлайн режимде электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәлімет болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді.
Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электронды еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.
Бұл жұмыссыздарды тіркеу және азаматтардың жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алу рәсімін жеңілдетуге мүмкіндік берді.
Енді бәрін тек интернет, компьютер және электронды цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.