Коронавирус індетінің таралуы мен жаңа экономикалық сын-қатерлер жағдайында жаппай жұмыссыздыққа жол бермеу үшін жұмыс орындарын құру басымдыққа ие. 2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет халықты қолдау мен экономиканы тұрақтандыру бағытында жедел шаралар пакеті қабылданды.
Оның ішінде Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасын әзірлеу мен жүзеге асыру ескеріліп, бұл құжат инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде жұмыс орындарын құруға бағытталған дағдарысқа қарсы қадамдар ретінде қамтылып отыр.
Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Жол картасы келесі қызметтер мен нысан түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды қарастырып отыр:
1. әлеуметтік-мәдени нысандардың реконструкциясы мен құрылысы, күрделі әрі ағымдағы жөндеу;
2. тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысындарын күрделі, орта және ағымдағы жөндеуден өткізу мен реконструкциялау;
3. инженерлік-көліктік инфрақұрылым желілерін күрделі, орта жөндеуден, сондай-ақ реконструкциядан өткізу;
4. елді мекендерді абаттандыру мен көркейту.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, Жол картасы аясында 6,7 мыңнан астам жобаны жүзеге асыруға 1 трлн теңге бөлінді. 2020 жылғы 28 желтоқсандағы жағдай бойынша 6 мың жобаға қатысты жұмыстар аяқталды. Аталған жобаларда 237,9 мың адам жұмысқа орналасып, оның ішінде 119,6 мыңы немесе 50,3 пайызы халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бойынша қызметке тұрды.
Жобаларды жүзеге асырудың негізгі талабы – қайта құрылатын жұмыс орындарының 50 пайыздан кем емес бөлігін жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасымен келген жұмыссыздарға ұсыну.
Жұмысқа тұрғандар арасында жастардың үлесі 47,1 мыңға жетті немесе 39,3 пайызы, аз қамтылғандар – 7,7 мың, мүмкіндігі шектеулі жандар – 2,3 мың.
Осы орайда жұмыспен қамытылғандардың ең көбі Шығыс Қазақстан (20,9 мың), Жамбыл (20 мың), Алматы (19,3 мың) облыстары мен Алматы (21,1 мың) қаласына тиесілі. Орташа жалақы 89,6 мың теңгені құрады.
«Жастар арасында жұмысқа орналасқандардың басым бөлігі Түркістан (5,1 мың), Шығыс Қазақстан (3,8 мың), Жамбыл (3,8 мың) облыстары мен Алматы (4 мың) қаласында тіркелді», - делінген министрлік мәліметінде.
Жас аралығы санаты бойынша жұмысқа тұрғандардың 38 пайызы 30-45 жаста, ал 21 пайызы 46-60 жас аралығында.
Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту орталықтары жолдамасы бойынша жұмысқа тұрғандардың 62 пайызында орта, бастауыш және негізгі орта білімі бар, ал 31 пайызы орта кәсіби білім алған адамдар.
Мұнымен қоса, Жол картасының талаптарына сәйкес, басқа елді мекеннен келген жұмыссыздарға 2 ең төменгі жалақы сомасында біржолғы материалдық көмек төленеді. Былтырғы желтоқсан айының соңына қарай материалдық көмек 119,2 млн теңге сомасында 1 532 жұмысшыға берілді.
Атап айтқанда, Жол картасы бойынша инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бірқатар проблеманы шешіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға ықпал етеді. Бұл тұрғыда Жол картасының арқасында 70 жаңа білім беру нысаны, 76 денсаулық сақтау мен мәдениет әрі спорт нысаны, 10 модульді инфекциялық аурухана салынды.
Мәселен, жұмыспен қамтудың Жол картасының аясында Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылында 300 орынға арналған мектеп салынды. Аталған нысанның ашылуы үш ауысымда оқыту проблемасын шешіп, сапалы білім беруге мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысындағы Қобда ауданы Терісаққан ауылы мен Саржансай елді мекенінде ауыл клубтары салынды. Бұл нысандар тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындар арасында таланттарды дамытуға жаңа серпін береді.
Жол картасын жүзеге асыру бағытында экономиканың бір-бірімен байланысты салаларында 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға негіз қалады. Осы орайда қабылданған шаралар жұмыссыздық деңгейін 5 пайыз шамасында ұстап қалуға ықпал етті.