02 қыр, 2022 сағат 12:23

Жұманғарин премьердің орынбасары – сауда министрі болып тағайындалды


Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

"Серік Мақашұлы Жұманғарин Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі болып тағайындалсын", - делінген Президент Жарлығында.

15 тамызда Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі қызметін атқарушы болып тағайындалған еді. Бұл лауазымды атқарған Бақыт Сұлтанов елдегі қант тапшылығына байланысты 15 тамызда қызметтен босаған. Шілдеде Сұлтанов импортқа тәуелді болғандықтан, азық-түлік пен қант бағасы қымбаттап кеткенін, соғысқа дейін Қазақстан қанттың 70 пайызын Ресейден алып келгенін айтқан еді.

Батыс елдері Ресейге санкция салған соң, Мәскеу кейбір азық-түліктің импортына шектеу қойған. Осыдан кейін Қазақстанда қант бағасы күрт өсіп, кейбір аймақта қант тапшылығы болған.

Жұманғарин тамызда министр міндетін атқаруға кіріскенде "министрлік қант алатын басқа елдерді іздеп жатқанын" айтып, Иран мен Ауғанстанды атаған.

53 жастағы Серік Жұманғарин 2020 жылы қыркүйектен бастап екі жылдай бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы болған. Ал 2017-2019 жылдары Ұлттық экономика министрінің орынбасары қызметін атқарды.