Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мемлекеттік сатып алу саласындағы басты проблемаларды атады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
«Мемлекеттік сатып алу саласында бір көзден сатып алу деген тетік бар екенін білесіздер. Жалпы соңғы кезде оның үлесі төмендеді. 2016 жылды алсақ, бұл көрсеткіш 48 пайызға дейін жеткен болатын. 2020 жылы 40 пайызға түсті. Ал 2019 жылы 34 пайыз болған еді. Қалай дегенмен де үлесі азайып келеді. Бұл жақсы – көрсеткіш.
Соңғы бес жылда жиынтығы 7,7 трлн теңге болатын мемлекеттік сатып алу іске асырылған. Бұл көп пе, аз ба? Бәсекелі сатылымдарда бұдан әлдеқайда көп сомаға сатып алу жүргізіледі. Бір көзден тікелей сатып алу көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 2 пайыз азайды дегенмен, аукцион арқылы сатып алудың үлесі артқанымен, тікелей келісімшарт бекіту мен бір көзден сатып алу үлесі 50 пайыздан асады – 57 пайыз», - деді агенттік басшысы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің алаңында өткен Ореп Space кездесуде.
Оның айтуына қарағанда, мемлекеттік сатып алу саласында өзекті проблемалар баршылық.
«Жалпы мемлекеттік сатып алу саласында проблемалар бар. Сатып алудың негізсіз жоғарылатылған талаптары, белгілі бір жеткізушілердің мүддесіне лобби жасау, «бейбіт» бәсекелестік құрып, сатып алу рәсімін қайтадан өткізбеу үшін бәсекелеспен бірлесіп әрекет ету, тапсырыс беруші тарабынан қаражатты үнемдеу мүддесінің болмауы сияқты проблемалар бар. Ең бастысы - Мемлекеттік сатып алу туралы заңда тікелей келісімшарт жасау арқылы бір көзден сатып алу ұйымдастыруға жол беретін 52 негіздеме қарастырылған», - деді Серік Жұманғарин.