06 қыр, 2024 сағат 11:01

Жүлде қоры – 250 млн теңге: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қандай дода?

Фото: gov.kz

2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада Орталық Азия көшпелі халықтарының дәстүрлерінен бастау алатын ұлттық спорт түрлеріне арналған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шара Қазақстанның мол мәдени және тарихи мұрасын көрсету үшін маңызды алаңға айналады. Бұл мақалада дода туралы ақпарат беруді ұйғардық.

Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынды.

Ойындар Қазақстандағы ұлттық спорт түрлерін дамытуға септігін тигізеді.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысында шағын және орта бизнестің, оның ішінде туризм, халықтық қолөнер, қызмет көрсету салаларындағы мүмкіндіктерін іске асыруына жағдай жасалады", - дейді Астана әкімдігі өкілдері.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жарыс бағдарламасына сәйкес спорттың 20 түрінен жарыстар өтеді. Сонымен қатар спорттың 10 түрі арнайы таныстырылым ретінде дүйім жұртқа таныстырылады.

Ұйымдастырушылар соңғы деректерді жариялады. Ашылу салтанатына билеттер түгел сатылып кеткен. Ал жарыстарға барлығы 89 елден 2 430 қатысушы тіркелген. Мұның ішіне жаттықтырушылар мен спортшылар кіреді. Ойындарда 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдардың жалпы саны – 581 дана. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 250 млн тг.

"7-13 қыркүйек аралығында жарыс күндері көрермендер үшін арнайы шаттл-бастар ұйымдастырылады. Әр күні сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін "Астана Арена" стадионы, EXPO және Республикалық Бас мешітте автобустар жанкүйерлерді спорттық нысандарға ақысыз тасымалдайды", - дейді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев.


Жарыс бағдарламасына сәйкес 110 медаль жиынтығы ойнатылады. ДКО-ның спорттық және мәдени іс-шаралары 5 негізгі нысанда – "Астана Арена" стадионында, "Қазанат" ипподромында, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, "Алау" мұз сарайында және "Думан" қонақ үй кешенінде өтеді.
Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін "Қазанат" ипподромы бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алады. Этноауыл кешені күніне 30 мыңға дейін келушіні қабылдай алады.


Спорттық жарыстармен мәдени шараларды тамашалауға 100мыңнан астам қазақстандық және шетелдік турист келеді деп жоспарланған. Шетелдік туристер мен жарыс қатысушылары үшін спорт нысандарының жанында орналасқан елорданың үздік 23 қонақ үй кешенінің қызметі ұсынылады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл басынан бері ойындардың ашылу салтанатына белсенді дайындық жүргізіп жатыр. Іс-шараға ведомстволық бағынысты ұйымдар мен облыстық шығармашылық ұжымдарды қоса алғанда, 3 000-ға жуық өнерпаз қатысады. 8-ші қыркүйек күні сағат 16:00-де Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты алдында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Бағдарламада музыка, би және дәстүрлі өнер арқылы қазақ мәдениетінің сан алуан байлығы көрермен назарына ұсынылады.

Концерт аяқталғаннан кейін ресми ашылуы сағат 19.00-де басталады. Ашылу салтанатында заманауи сахналық технологиялар мен мультимедиялық дизайн қолданылған, 2 сағаттық ауқымды музыкалық-театрландырылған қойылым көрсетіледі.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты тақырыбы "Ұлы дала дүбірі" ұраны болмақ. Қатысушылар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты 21 спорт түрінен бақ сынайды. Барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ашылу салтанаты дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталып, соңында Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халықтар достығы мен бірлігі туралы музыкалық композициямен түйінделеді. Көрермен үшін Qazaqsta», Qazsport, Jibek Joly, "Хабар" телеарнасында тікелей эфир ұйымдастырылады.