05 нау, 2021 сағат 14:53

Жүкті келіншекті жатқызудан бас тартқан аурухана: ӘМСҚ тексеру жүргізді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры келіншекті емдеуге жатқызудан бас тартқан елордалық ауруханаға қатысты тексеру нәтижесін жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қор баспасөз қызметінің мәліметінше, Оксана Ермахановаға қатысты жайтқа орай №2 қалалық көбейінді ауруханаға жоспардан тыс мониторинг жүргізілген. 

Бұл тексеруге аталған келіншектің Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасы себеп болып отыр.

«Мониторинг нәтижесінде медициналық ақпараттық жүйе жазбаларының мәліметтеріне сәйкес, кезекші гинеколог пациентті қарау барысында көрсетілімдердің болмауына байланысты оны шұғыл ауруханаға жатқызудан бас тартқаны анықталды. Дегенмен, пациент медициналық көмекке жүгінген кезде сақтандыру мәртебесіне қарамастан, шұғыл ауруханаға жатқызуға негіз болатындай жай-күйіне шағымданған» деп атап өтеді қордан. 

Осыған орай аталған шағымның негізі бар деп саналады. Және де қор №2 қалалық көпбейінді ауруханаға қатысты экономикалық әсер ету шараларын қолданады. 

«Қор медициналық көмектің кепілдендірілген тегін көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында пациенттердің медициналық көмек алу құқығын барлық уақытта қорғайды. Осыған орай медициналық қызметті сапасыз көрсету немесе одан бас тарту туралы фактілерді 1406 байланыс орталығына немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына хабарлауға шақырамыз. Олар бойынша тексеру жүргізіледі және бұзушылықтар анықталған жағдайда экономикалық әсер ету іс-шаралары қабылданады»,- деп атап өтеді қордан.