16 қаз, 2020 сағат 08:56

Жол апатынан мерт болған полицейлердің отбасына 11 млн теңгеден беріледі

Ақмола облысында жол апатынан мерт болған полиция қызметкерлерінің әрқайсының отбасына 11 миллион теңге көлемінде көмек беріледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі кезде екі полиция қызметкерінің өліміне әкеп соқтырған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Аталмыш санкция бойынша күдікті 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

«Сондай-ақ облыстық полиция департаменті қызметтік міндетін орындау барысында қаза болған полицейлердің отбасына 11 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. 

Еске сала кетейік, кеше, 15 қазанда Щучье қаласында екі полицей жол апатынан қаза тапты. Lexus NX20 машинасы қызмет бабында жүрген учаскелік полицейлердің Lada-21214 көлігін үлкен жылдамдықпен келіп соққан.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мерт болған полицейлердің отбасына көңіл айтты.