видеодан алынған кадр
Депутат Жигули Дайрабаев Мәжілістің жалпы отырысында жақында сотталған балаларының кінәсі жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сондай-ақ ол өзін қолдаушыларға алғысын білдіріп, балалары әділдік үшін соңына дейін күресетінін айтты.
"Құрметті әріптестер, алдымен сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді. Балаларыма байланысты туындаған мәселе бойынша көбіңіз депутат, әріптес ретінде қолдау көрсетіп жатырсыздар. Моральдық жағынан әділдік танытып, құқықтық жағынан сауаттылық білдіргендеріңізді жоғары бағалаймын. Балаларымды кінәлі деп есептемеймін. Олар әділдік үшін күреседі. Апелляциялық сотқа жүгініп, абыройын қорғауға мүдделі. Ендеше мен Мәжілістен не үшін кетуім керек? Ауыл тұрғындары, шаруалар, өзімді сайлаған ауыл партиясы маған үлкен үміт артып отыр", - деді Дайрабаев.
"Депутаттық мандат ол ойыншық емес. Халықтың үлкен сенімі. Сондықтан мен халықтың сенімін ақтаймын. Кеудемде жаным соғып тұрса, халық үшін қызмет етемін", - деп толықтырды ол.
Еске сала кетейік, президенттікке экс-кандидат, қазіргі Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі бірдей ұлы – Марат Дайрабаев пен Дидар Молдахалық 550 млн теңге субсидия ұрлады деп айыпталды.
Алаяқтық туралы қылмыстық істі Тараз соты қарады. "Ауыл" партиясы атынан сайланған депутаттың ұлдарымен бірге сот алдына тағы екі адам барды.
Қылмыстық іс бойынша Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Ерлан Күлкеев, кәсіпкер Елжан Елібай және Дайрабаевтың ұлдары – Дидар Молдахалық пен Марат Дайрабаев айыпталды.
Сот анықтағандай, айыпталушылар "Альбион" құлпынай көшеттерін сатып алу үшін мемлекеттен субсидия алып, бір бөлігін жеке қажеттілігіне жұмсаған. Мемлекетке 550 849 430 теңге шығын келтірілді.
Сот төртеуін де алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Осылайша Ерлан Күлкеев 6 жылға, Елжан Елібай 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Дидар Молдахалық пен Марат Дайрабаев Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, әрқайсысы шартты түрде 5 жылға сотталды.
Бұдан бөлек, сот Жамбыл облысы әкімдігі қаржы басқармасының мемлекеттік шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арызын қанағаттандырды:
- Күлкеев пен Елібайдан мемлекет пайдасына – ортақ тәртіпте 167 924 830 теңге;
- Күлкеев, Елібай, Дайрабаев және Молдахалықтан – ортақ тәртіпте 92 400 000 теңге;
- Дайрабаев пен Молдахалықтан ортақ тәртіпте 290 524 600 теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.