13 там, 2016 сағат 01:10

Жігіт Абай неге «қартайдық» деген?

Алдымен ескерте кетейік, Абай жинақ­тарының бәрін­­де жазылу мерзімі «1886 жылғы» делінетін топ­тама өлеңдердің (16 өлең) аз деген­де жартысы 1884-1885 жыл­дарға тиесілі. Шыны осы. Абай өлеңдерінің жазылу мер­зімі ең алғаш 1909 жыл­ғы С.-Петербургте басылған тұңғыш жинақ­та көрсетілген еді. Дүр­бе­лең­­ге толы 1905 жылы, опыр-топыр­да әзірленген осы жинақта әуелгі өлең­дердің бір-екі жыл ілгері­леп кетуі табиғи нәрсе. Кеткен қатені кеш те болса түзету, ақиқатқа жақын­дау – бүгінгі жаңа за­ман­ның талабы әрі мүмкіндігі, ағайын.

Ақынның алғашқы әлеуметтік тақырыптағы өлең­дері тобықты елінде өткен әлдебір дүбірлі оқиға­ның ізімен туындап отырғаны жаңалық емес. Яғни, өлеңнің жазылу мерзімі, әлбетте, болған өмір фактісі, оқиға мерзімін дәл анықтауға тірелмек. Бірақ, ол заманда архив материалдары уысқа түспеді. Айта­лық, Абай Қоңыр-Көкшеге қай жылдары болыс бол­ған? Осыны білуге М.Әуезов көп күш салды. Абай өмірбаяны­ның 1-нұсқасында 1869-1870 жж. болған деп жазса, 2-нұс­қасын­да ел аузындағы әңгімелер сарынына орай, оның уақы­тын 1872-73 жылдарға жылжытты. Өмірбаянның тек 4-нұсқасында ғана Мұхаң 1877-78 жж. деген түп­кі­лік­ті тұжырымға келеді. Өйткені, Абайды ірі тергеуге ұрындырған арыз-шағымдар мен архивтен табылған Абай Қоңыр-Көкше болысы атынан қол қойған бір үндеу хат ақыры қолына түседі.

Мұны баяндап отырған жайым, тап осы қиынға Кәкітай, Тұрағұл да тап болған. Ресми құжат, архив материал­дары дегеніңіз қасқалдақтың қанындай қат. Абай ақындық қызметіне кіріскен тұста екі туыс та жас. Абай­дың сол кезгі өлеңдеріне қанық Байкөкше сияқты үлкендер 1905 жылы өмірде жоқ. Оған Абайдың әуелде өлеңдерін жұртқа жария етпей жасырын ұстағанын қосыңыз. Қысқасы, 1884-85 жылғы Абай өлеңдері ілгерілеп кетуінің себептері жеткілікті.

Осымен, 1884 жылғы болыс сайлауына келейік. Ол неліктен ел есінде қалды? Себебі, бұл жолғы болыстық кезегі Құнанбай ұрпағы арасынан Оспанға тиесілі болатын. Бірақ, сайлау соңында мұқым жұртты таңғалдырған (тіпті, ояздың әйелі «көтек» деген) оқиға – Оспан Құнанбайұлы өтпей қалып, оның орнына ойда жоқта руы бөкенші Күнту Шоңқаұлы сайланып кетеді. «Бұл іске, – дейді Мұхтар Әуезов, – Абай мен Абай тілеуіндегі елдің таң қалуы былай тұрсын, осы күнге шейін – «Күнту болыс болған сайлауды» ертегідей, жыр­дай қылып айтады…» (Абай. Толық жинақ. 1933 ж., 367-бет). Жалпы ел жырдай қылып айтса да, оқиғаның дәл жылы жабық қала берген.

Абай жинақтарында осы күнге шейін «1886 жылғы» делінген, шындығында, 1884 жылғы сайлаудан соң дүниеге келген Абай өлеңдерін тексеруімізді «Қар­тайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» және «Қартай­дық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген біріне бірі жалғас егіз өлеңнен бастамақпыз. Егіз болатыны, тақы­рып қана емес, мазмұн да ортақ. М.Әуезов: «Ел ортасына бүлік салып жүрген тынымсыз атқамінерлерді ең алғаш рет сынға алып, бөліп шығара бастайды», деуімен олар­дың өзегі мен сыр-сипаты бірлігін тайға таңба бас­қан­дай анықтап береді. Ғұламаның «ең алғаш рет сын­ға алып» дегенінен-ақ қос өлеңнің жазылу мерзімін анық­тау қан­ша­лықты маңызды екендігін пайымдай беріңіз. Бұл Абайдың ақындық қызметінің басы осы арада деген сөз.

Сонымен, егіз өлеңдер қай жылы және қандай жағдайда жазылған?

Жоғарыда айттық, екі өлеңге де себепкер – 1884 жыл­дың мамыр айында өткен, күтпеген жерден Күнту болыс сайланып кеткен атышулы сайлау (мұны естелік­тер де, Абайды зерттеушілер де бірауыздан растайды).

Қырсықты сайлауға пәуеске (күймелі) арбаны қоңы­раулатып Семейден Тихонов деген ояз әйелін ерте келіп, басшылық жасағаны белгілі. Сол ояз сайлауды қайта бұзғызайын дегенде, Абай көнбей «бекітіңіз» депті.

Неге? Абайға Оспанның сайланбай қалуынан бұрын Ербол, Жиренше, Оразбай, Күнту сияқты бұрынғы дос-жарандар тарапынан жасалған опасыздық пен екіжүзділік қатты батқан. Қайғы ойлатқан. Әсіресе, ақын жанын жаралаған жәйт – ең жақын досы Ерболдан тірідей айырылуы болған. Қысқасы, Мұхаңның: «Ақын көңілі елден алғашқы рет қатты торықты» деуі шынайы өмір шындығы. Мінеки, өзіңіз де ойлаңыз, сайлаудан кейінгі қатты торығуды өлең ғып сыртқа шығармаса Абай Абай бола ма (іштегі ақындық қуат жайшылықта да буырқанып жүргені мәлім). Сенсеңіз, қат-қабат сезімге бой ұрғанда, оны бір жыл тұрмақ, бір айға да созу машығы Абай әдетінде жоқ. Бізге мәлім, Абайға «көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» дегізіп қатты торықтырған екі ғана жыл бар: бірі – сөз болып отырған 1884, екіншісі – Оспан өлімінен кейінгі 1892 жыл.

Келтірілген уәждер аз десеңіз, 1886 жылы Абайға қайғы ойлатып, оны қатты торықтырды дейтіндей ешбір оқиға болған емес, керісінше, ел іші тыныштық тапты. Ал, қайталап ескертейік, сезімі суыған өмір фактісіне қалам тербеу – Абай мінезіне жат.

Сөйтіп, «Қартайдық» деп басталатын қос өлеңді кейінге, 1884 жылға шегеру қажеттігі сөзсіз. Оған жаңа­ғы сан алуан жағдаяттар мен Мұхаң айтқан пікірлер («атқамінерлер ең алғаш рет сынға алынған» және «Ақын көңілі елден алғашқы рет қатты торықты» деген) ғылыми негіз болады.

Енді Абай неге «қартайдық» дегенге ойысалық. 1884 жылы Абай жігіт ағасы делінетін отыз тоғыз жаста. Сон­дықтан, оқырмандар «Бұл жаста адам қартаюшы ма еді?» деп сұрақ қоюы әбден мүмкін. Осы күдік-күмән­нен елес те қалмайтын жауапты тағы да ұлы М.Әуезовтен табамыз.

«Анығында, бұл жылдары Абай қартайған жоқ, – дейді Мұхаң. – Оны жасынан ғана айыру керек емес, халық қамқоры боп, азамат ақын боп, осы жылдан бастап жазған сөздеріне қарасақ, ақын анық үлкен тартысқа барынша белсеніп кіріседі. Ызалы ашумен, қайсар қайрат, өнімді қажырмен араласады. Сондықтан, қажыған адамның әлсіреп, қартайып, ой қуаты, жүрек оты бәсеңдеген күйін көрмейміз. Олай болса, жаңағы «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сөздерді Абай басқаша бір мән-мағынамен қолданады. Өсиетші, сыншыұстаз болуға бекініп кіріскен ақын халықтың анық ағасы боп, ақылшының тұрғысынан сөйлемек болады. …Үлкен санадан туған қатты ашу мен қызулы жалын екеуі де кәрілік нышаны емес».

Мінеки, Мұхаң керемет пікірімен қайраты қайтқан кәріні емес, қаса надандыққа қарсы ызалы ашумен жас жолбарыстай ұмтылған «азамат ақын» – қайраткер Абайды көз алдымызға әкеліп отыр. «Қартайдық» деген астарлы сөзді мұнан асып айқындау мүмкін бе?!

Сөйтіп, Абай сөзінің сыры енді мәлім: «Қартайдық, қай­ғы ойладық» дегені – халықтың қамқоры, оның өсиет­ші, сыншы ұстазы болуға бекінген халін айтқаны болады.

Күдікті сейілте түсу үшін ақынның өз сөзіне де жүгінелік. 1898 жылы Абай:

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Шаршап қалған кеудемде тулай алмай, –

десе, бір жылдан соң:

Жүрегім менің – қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

Қайтқаннан соң әрнеден, –

дей келе:

Кәрілік те тұр тақау,

Алдымызда айла жоқ, –

деп ескертеді.

Көрдіңіз бе, келтірілген өлең жолдары Абай кәрілікті мойындаған тұс – 1898-99 жылдар екенін растап отыр. Ал 1884-85 жылдары қайдағы кәрілік? Абайды қартайтқан екі кезең арасындағы он бес жыл уақыт десек, әңгіме басқа. Ақынның өзі кейінгі ұрпаққа: «…Алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әуре­шілік­ті көре-көре келдік» (1-сөз) және «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деп сыр ашады емес пе.

Қай жағынан келгенде де, 1884 жылғы қос өлеңі азамат ақынның зор әлеуметтік тартысқа кіріскенінің тұңғыш белгісі деген қорытындыға келеміз. «Қартайдық, қайғы ойладық…» деп бірдей басталуы содан. Оны, бейнелеп айтқанда, күреске даяр алып жүректің тулағаны деп ұққанымыз жөн.

Өкінішке қарай, кеңестік дәуір идеологиясы Абай­дың «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сөзінің астары­на үңілуді қажетсінбеді. Тура мағынасында шолақ ұқтық. Содан да болар, Абайдың 1995 жылы жарық көрген екі томдық шығармалар жинағында «Қар­тай­дық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген өлең жолына «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» деген «түзету» жасалыпты. Түзетуге берілген түсінік мы­нау: «Садуақас Шормановтың жазбасында екінші өлең «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» деп берілген. Осылай айтылуы дұрыс болар дейміз. «Қай­ғы ойладық» деген сөзді екі рет қайталау жарасып тұр­ма­ған­дықтан өлең атын осылай өзгертуді мақұл көрдік».

Бірақ біз «қайрат қайттыны» мақұл көре алмадық. Неге десеңіз, бұл жоғарыда келтірілген «Анығында, бұл жылдары Абай қартайған жоқ» деген пайымға сәйкеспейтін сәтсіз түзету. Тағы бір айтайық, ақынның «қартайдық» дегені – кәріліктің емес, керісінше «үлкен санадан туған қатты ашу мен қызулы жалынның» (Әуезов) нышаны болып табылады.

Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

… Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек?

Адалдық, адамдықты кім теңгермек?!

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

Бұл жолдар «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінен. Олар, жоғарыда айтылғандай, Абайдың сайлаудан кейінгі күйзелісі, сонымен қатар, «Қайратсыз болыс болмақ» деп ақын Күнтуды түйреп өткенін аңдау қиынға соқпайды.

Бірде шәкірттері «Абай текстологы болуға не қажет?» деп сұрағанда ғалым Қ.Мұхаметханов: «Ақын­дығың сәл-пәл болса жеткілікті, күшті ақын болсаң – бүлдіресің» деп әзілдеген екен. Осы ретте айтпай өтуге лажым жоқ, жаңағы 1995 жылғы толық жинақта өлеңнің «Ел бұзылса, табады шайтан өрнек» жолы «Ел бұзылса, құрады шайтан өрнек» деп өзгертіліпті. Өзгеріс Абай «өрнек» деп өрмекші құратын тор-өрнекті меңзеген деп жасалса керек. Шындығында, Абай бұл сөзді ғибрат, оң (теріс) пиғыл, ақ (қара) ниет деген мәнде қолданады. Мысалға «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» өлеңінде:

Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,

Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара, –

дейді. Бұл жерде «өрнек» ғибратты (кестелі) сөз өрнегі деген мәнде айтылғаны дау тудырмас. Қысқасы, Абай­дың «табады» деген өз сөзін «құрады» сөзімен алмас­тыру күмәнді.

Тағы бір сөз. Тақырыбы, идеялық мазмұны және түрі жағынан жаңағы екі өлеңге толық сәйкес Абайдың үшінші шығармасы – «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап». Онда ақын сирек кездесетін қыран бүркіт пен көп күйкентай, қарғаларды салыстырып, тұспалдаған. Өлеңде қыран бүркіт – халық қамқоры қайраткер, ал көп күйкентайлар, қарғалар – отаршыл жүйенің қолшоқпарына айналған көп пысық атқамінерлер деген астар бар.

Қорыта келгенде, тексерілген үш өлең де («Қартай­дық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» және «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап») 1884 жылғы күйдіргі сайлаудың жемісі, сол қақтығыстың ізі деген байлау жасаймыз.

Бірақ, 1884-85 жылдарға сұранып тұрған тек осы үш өлең ғана емес, өзге де туындылар («Көңілім қайтты дос­тан да, дұшпаннан да», «Байлар жүр жиған малын қорға­латып», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Адас­­қан­­ның алды жөн, арты соқпақ» және т.б.) баршы­лық. Сон­дықтан, тексерісіміз алдағы уақытта жалғасатын болады.

 Асан ОМАРОВ, зерттеуші

СЕМЕЙ

"Егемен Қазақстан" газеті