13 мам, 2026 сағат 12:26

Жетісуда полиция қызметкеріне күш қолданған азамат жауапқа тартылды

Фото: istockphoto.com

Жетісу облысында полиция қызметкеріне күш қолданған ер адамға сот үкімі шықты. Ол 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, оқиға Үштөбе қаласында болған. “102” арнасына түскен шақырту бойынша барған полиция қызметкерлеріне жергілікті тұрғын агрессия танытқан.

Құзырлы органның хабарлауынша, ер адам полицияның заңды талабына бағынбай, қызметкердің бетінен алақанмен ұрған. Сонымен қатар оның қызметтік бейнежетонын жұлып алып, погонын бүлдірген.

Абырой болғанда, тәртіп сақшысы ауыр жарақат алмаған.

Сот шешімімен күдікті 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, мәжбүрлі еңбекке тартылды. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген материалдық шығын толық өндірілді.