13 мам, 2026 сағат 11:21

Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар бойынша шетелдік кадрларды тарту жеңілдетілді

Фото: Gov.kz

Қазақстанда білікті мамандар тапшылығын азайту мақсатында шетелдік жоғары білікті кадрларды жұмысқа орналастырудың жеңілдетілген тәртібі қолданылып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, арнайы тізімге сұранысқа ие 50-ден астам мамандық енгізілген. Олардың қатарында ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, инженерия және креативті индустрия салаларының мамандары бар.

Аталған тізімге енген шетелдік мамандарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу мүмкіндігі беріледі. Бұл тетік ел экономикасының басым бағыттарына қажетті кадрларды тартуға бағытталған.

Enbek.kz порталының дерегіне сәйкес, елде медицина саласында кадр тапшылығы әлі де өзекті болып отыр.

Атап айтқанда:

  • – «акушер-гинеколог» мамандығы бойынша 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме;
    – «педиатр» бойынша 448 вакансияға 139 түйіндеме;
    – «анестезиолог-реаниматолог» мамандығына 300 бос орынға 75 түйіндеме ғана тіркелген.

Сондай-ақ онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.

Ақпараттық технологиялар саласында да кадр жетіспеушілігі байқалады. Мәселен, қолданбалы бағдарламашыларға 509 бос жұмыс орны, графикалық дизайнерлерге 355 вакансия ашылған.

Министрлік мәліметіне сәйкес, сұранысқа ие мамандықтар бойынша 45 мыңнан астам еңбек шарты жасалған. Оның ішінде бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілері – шамамен 8 мың, акушер-гинекологтар – 4,6 мың, педиатрлар – 4,1 мың және қолданбалы бағдарламашылар – 3,5 мың еңбек шартын құрайды.

Сонымен қатар шетелдік жұмыскерлермен 55 еңбек шарты рәсімделген. Олардың басым бөлігі автоматтандыру инженерлері ретінде жұмысқа қабылданған.

Мамандардың айтуынша, ішкі еңбек нарығы көптеген сұранысқа ие мамандықтар бойынша қажеттілікті өтеп отырғанымен, денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мәселесі әлі де сақталып отыр.