13 мам, 2026 сағат 12:36

Продюсерден зорлық көргенін айтқан жігіттің мәлімдемесін полиция тексеріп жатыр

Фото: gov.kz

Әлеуметтік желілерде бала кезінде зорлық көргенін айтқан жас жігіттің бейнеүндеуі тарады. Бейнежазба авторы Нұрғали Нұғман продюсер тарапынан зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Осыған байланысты Алматы қалалық полиция департаменті аталған материалдың заңға сәйкес тіркелгенін хабарлады. Қазіргі уақытта процессуалдық тексеріс басталған.

Полиция мәліметінше, видеода айтылған барлық жайт жан-жақты зерттеліп жатыр. Сондай-ақ оқиғаға қатысы болуы мүмкін тұлғалар мен куәгерлер анықталуда.

«Балаларға қатысты ықтимал зорлық-зомбылық фактілері бойынша барлық өтініш міндетті түрде құқықтық бағалауға жатады және ерекше бақылауда болады», – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.


Құқық қорғау органдары аталған деректер расталған жағдайда Қазақстан заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.

Айта кетейік, Нұрғали Нұғман алғашқы мәлімдемесінде оқиға Balapan телеарнасында жұмыс істеген кезінде болғанын айтқан. Алайда кейін ол бұл жайттың арнаға емес, коммерциялық жобаға қатысты екенін нақтылап, телеарна ұжымынан кешірім сұрады.