13 мам, 2026 сағат 13:00

«Қапланбек» бекетінде шетелдіктерден ақша бопсалаған күдікті ұсталды

Фото: baq.kz

Түркістан облысындағы «Қапланбек» өткізу бекеті маңында болған жанжал әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Видеода ер адамның екіншісін бұрауышпен қорқытып тұрған сәті бейнеленген, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға Сарыағаш ауданында тіркелген. Желідегі ақпаратқа сәйкес, жанжал кезінде көрші елден келген шетел азаматтарынан ақша талап етіліп, бопсалау әрекеттері жасалған.

Осы жайтқа байланысты Түркістан облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, жедел-іздестіру шаралары барысында 43 жастағы Түркістан облысының тұрғыны ұсталған. Ол жұмыссыз және тұрақты тұрғылықты жері жоқ азамат ретінде тіркелген.

«Күдікті Сарыағаш аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген полиция хабарламасында.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ полиция шекара маңындағы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі тұрақты бақылауда екенін айтып, тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге және жалған мәлімет таратпауға шақырды.