Фото: pixabay.com
Жетісу облысында дәрігерлердің әрекетінен онкологиялық ауруы бар 18 адам мүгедектік ала алмаған. Бұл туралы Жетісу өңірлік прокуратурасына сілтеме жасаған ULT.KZ хабарлайды.
Конституцияның 28-бабы мемлекеттің мүгедектік мәртебесі бар азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем алуға кепілдік беретінін ескерткен прокуратура өкілдері 2024 жылы медициналық ұйымдар 3-4 топтағы онкологиялық диспансерлік есепте тұрған облыстың 18 тұрғынын медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібермегенін анықтады.
Айта кетейік, Медициналық-әлеуметтік сараптама – тексерілетін тұлғаның клиникалық-функционалдық, әлеуметтік, кәсіби және психологиялық деректерін талдау негізінде ағзаның жағдайын кешенді бағалау.
"Осылайша, олар мүгедектігін рәсімдеу және кепілдік берілген әлеуметтік жәрдемақы алу мүмкіндігінен айырылған. Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес барлық бұзушылықтар жойылды, барлық адамдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберілді, олардың екеуі әлеуметтік төлемдерді тағайындау арқылы мүгедектік мәртебесін алды", - делінген хабарда.
Ал азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру құқығын бұзғаны үшін 3 медицина қызметкері жауапкершілікке тартылған.