02 жел, 2022 сағат 13:57

Жеті жылға сотталған Хаменова сот үкіміне аппеляциялық шағым түсірді


Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты аппеляциялық шағымдар түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты апелляциялық шағымдар түскен.

«Атырау қаласының №2 сотына Б.Хаменовадан, оның адвокаты И.Вранчевтан, У.Адамов пен оның адвокаты К.Адамовадан және А.Рысқалиевтың адвокаты Н.Жолболовтан апелляциялық шағымдар түскенін хабарлаймыз. Апелляциялық шағымдарға байланысты іс әлі алқа қарауына берілген жоқ», - деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын Атыраудағы №2 қалалық сот Бақытгүл Хаменованы ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-блімінің 2-тармағымен (Ірі көлемде пара алу) кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

«Сот Бақытгүл Хаменованың қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды. Жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының бары ескерілді. Сотталушыға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі жас баласының болуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды», - делінген соттың хабарламасында.

Сондай-ақ, Бақытгүл Хаменовамен бірге тергелген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы басқарма басшысы 7, серіктестік директоры 4 жылға сотталған болатын.

«Сот Ақылбек Рысқалиевтың жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының барын, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа қатысушыларын әшкерелеуін таныды. Ал, Өміртай Адамов үшін жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде зейнеткерлік жасын, асырауында төрт және кәмелетке толмаған үш баласы бар екі мүгедек баласы болғанын, ауыр қылмыстық құқық бұзушылықты отбасылық және басқа да жағдайлардың салдарынан жасағанын ескерді. Сотталушы Ақылбек Рысқалиевқа 7 жыл, Өміртай Адамовқа 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сотталушылардың екеуі де мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.