20 жел, 2022 сағат 12:57

ЖЭО-ның 80%-ке жуығы жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп тұр

Сурет: akorda.kz

Қазақстандағы 37 жылу электр орталығының орташа пайдалану мерзімі - 61 жыл. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан порталы.

Арнайы комиссия елдегі жылу электр орталықтарының техникалық жай-күйіне талдау жүргізді.

"Жылу электр орталығының орташа пайдалану мерзімі – 61 жыл. Олардың шамамен 76%-і 50 жылдан астам жұмыс істейді", - дейді Ақшолақов Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, ЖЭО-дағы тағы бір проблема – жалақының төмен болуына байланысты кадр жетіспеушілігі.

"Қазақстандағы жылу электр орталығы өндірістік персоналының орташа жалақысы 2021 жылы 224 100 теңгені құрады. Өздеріңіз білетіндей, жылу электр орталығында шығындар жылу және электр энергиясы бойынша бөлінеді. Жылу электр орталықтарында жылу энергиясы тарифтері есебінен еңбекақы төлеу қоры жыл сайын 5%-ке өседі. Энергетика министрлігі электр энергиясына шекті тарифті қарау кезінде электр энергиясын өндіруге тартылған персонал үшін жалақының 15% өсуін көздеді", - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ талдау нәтижесі бойынша электр станцияларында авариялық ажырату 5%-ға өскені анықталған.

Бұған дейін министр еліміздегі 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізілгенін мәлімдеді. Оның қорытындысы бойынша жылу электр орталықтарының жартысы – 19 ЖЭО "қызыл" аймақта тұр. Оларға күрделі жөндеу қажет.