03 там, 2023 сағат 10:29

Жекеменшік мектептерде ата-ана төлемақысының шекті мөлшері екі есе төмендетіледі

Фото ашық дереккөзден алынды

Қазақстанда жекеменшік мектептерде ата-ана төлемақысының шекті мөлшері екі есе төмендетіледі. Тиісті бұйрықты Оқу-ағарту министрлігі дайындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жекеменшік білім беру ұйымдарында балалар үшін оқудың қолжетімділігін арттыру мақсатында ата-ана төлемақысының мөлшерін 50%-ға қысқарту көзделеді", - деп жазылған түсіндірме жазбада.

Бұйрыққа сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекеменшік ұйымда білім бергені үшін төлемақының шекті мөлшері:

• жалпы білім беру бағдарламалары үшін 600 АЕК – 2,07 миллион теңге;

• аккредиттеуден өткен дербес әзірленген интеграцияланған білім беру бағдарламалары үшін 1200 АЕК – 4,14 миллион теңге болады.

Белгіленген бағаға жатын орын, оқушыларды мектепке жеткізу, қосымша білім беру қызметтерін көрсету, сондай-ақ оқушыларды тамақтандыру ақысы кірмейтіні аталып өткен.

Бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, ол 16 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады.