Бүгін, 26 шілде күні, Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері Сооронбай Жээнбеков пен Эмомали Рахмон бірлесіп, Баткен ауданының Ақсай ауылы мен Исфара қаласы Ворух ауылдық кеңесінің Тоджикон елді мекені тұсындағы қиылысқан учаскесінде шекара маңында орналасқан аудандардың тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА Кабар агенттігіне сілтеме жасап.
Қырғыз Республикасы президентінің ақпарат саясаты бөлімінің мәліметінше, екі елдің басшылары ресми делегация мүшелерін таныстырып өткен.
Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында қос елдің президенттері екі халық арасындағы бірлік пен келісімді, ғасырлар бойғы достық қарым-қатынасты сақтап қалған жөн болатынын және тараптардың шекарада орын алған барлық қиындықтарды жою үшін қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін атап өтті.
Жээнбеков Қырғызстан елі Тәжікстанмен бауырластық қарым-қатынасты қадірлейтініне ерекше тоқталды.
«Біз шекарада орналасқан аудандарда тұратын халықтарымыздың жағдайын жақсы білеміз. Барлық шешілмеген мәселелерден хабардармыз және жергілікті тұрғындардың қиындық көрмеуі үшін қолымыздан келгенін жасауға әзірміз. Шекарамызды бірлік, достық пен көршілік қақпасы еткіміз келеді. Шешілмейтін мәселе жоқ деп ойлаймын», - деді Жээнбеков.
Екі елдің басшыларының келіссөздері ертең, 27 шілдеде, Шолпан Ата қаласында жалғасады.