ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов коронавирустың жаңа толқынына дайындық жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирустың жаңа толқынына дайындық қызу жүріп жатыр. Қазақстандағы медициналық мекемелер бір мезетте 70 мың төсек-орын дайындауға қауқарлы. Оның ішінде үш мыңға тарта жансақтау бөлімі болады. Қазіргі уақытта елімізде 19 066 инфекциялық төсек-орын бар, оның қазіргі жүтемесі 15 пайызды құрап отыр. Инфекциялық және провизорлық орталықтарда өкпені жасанды желдетуге арналған 3 379 аппарат бар, қосымша 2619 дана сатып алынуда», - деді Б. Қожахметов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша емдеуге арналған 21 566 орын оттегімен қамтылған және ай соңына дейін қосымша 9300 орынды қамтамасыз ету жоспарда бар.
«Сондай-ақ жыл соңына дейін жедел жәрдем қызметі Қазақстанда шығарылған 1 167 автокөлікпен жабдықталады. Шалғайдағы ауылдар үшін 100 медициналық кешен сатып алынады», - деді ресми өкіл.