14 нау, 2022 сағат 19:46

Жауапкершілікті Президентке итере бермей, бәріміз тең бөлісуіміз керек – Жанарбек Әшімжан


Бүгін Мәжілісте «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қаңтар оқиғасы бойынша Бас прокуратураға бірқатар сауал жолдады. Мәжілістің жалпы отырысында берілген жауаптарға депутат Жанарбек Әшімжан пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен аптада жарияланған депутаттық сауалымызға байланысты бүгін Бас прокурор, Ішкі істер министрі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы, басқа да күш құрылымының басшылары баяндама жасады. Депутаттардың тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Ашығын айтқан кезде барлық баяндамашылардан гөрі құқық қорғаушылар Абзал Құспан мен Айман Омарованың баяндамасында көп нәрсе айтылғандай көрінді. Осы сауалды жолдаған депутат ретінде айтсам, күш құрылымдары басшыларының баяндамаларында келтірілген деректер көңілімнен толық шыққан жоқ. Қоғам тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап берілді деп айта алмаймын. Бірақ сол күш құрылымының басшылары, мемлекеттік органның жетекшілері қазіргі күні тергеу амалдары жүріп жатқанын, соған байланысты көп мәселе құпия жағдайда жүріп жатқанын ескертті. «Сол себепті көп жағдайды әзірге қоғамға ашық айта алмаймыз. Тергеу амалдары толық біткен соң барлық жағдайды халыққа тиісті деңгейде жеткіземіз» деді. Осы тараптан алған кезде мен жауаптарға жартылай қанағаттандым деп айтуға болады», - дейді депутат.

Оның пайымынша, мемлекеттік органдар басшыларының баяндамаларында келтірілген дерек-дәйектердің біразы осы күнге дейін де айтылған.

«Сол күндері қанша ғимаратқа қанша адам шабуыл жасады, қанша адам қайтыс болды, әскери адамдардан қанша адам зардап шекті, бизнес нысандары қалай қирады деген секілді сұрақтарға БАҚ-та шетпұшпақтап біраз мәлімет шыққан. Сол мәліметтер жаңартылыпты, толықтырылған деректер тыңдадық деп айтуға болады. Ал қоғам тарапынан «Бұл оқиғаны кімдер ұйымдастырды, криминалдық топтардың жетекшілері кімдер, оларға ықпал етіп отырған лауазымды тұлғалар кімдер» деген сияқты саяси мәндегі сұрақтар көп қойылып жатыр. Соларға жауап молырақ берілмеді. Алдағы уақытта осыған толық жауап аламыз ғой деп ойлаймын», - деді Мәжіліс өкілі.

Сондай-ақ, ол қаңтар оқиғасынан дұрыс қорытынды шығарылуына бүкіл Қазақстан қоғамы мүдделі екенін еске салды.

«Ең негізгісі, 4,5,6,7,8 қаңтар күндері бірінші болып, Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен жауапкершілікті мойнына алды. Арада екі айдан артық уақыт өтті. Жауапкершілік Президенттің ғана мойнында болмауы керек. Тиісті салалық Үкімет мүшелерінің де, өңірдегі әкімдердің де, жалпы күш құрылымы басшыларының, сол салада қызмет ететін тиісті лауазымды тұлғалардың да жауапкершілігі болуға тиіс. Сол себепті бәрі өз саласы бойынша, ашық, қанық және нақты ақпарат беруі керек. Ресми ақпарат алмаған жерде әлеуметтік желіде түрлі алыпқашпа әңгімелер туындайды. Ол халықтың көңіл күйіне де түрлі әсер етеді. Сондықтан жауапкершілікті тек Президентке итере бермей, бәріміз, қоғам да, билік те, Парламент те, Үкімет те жауапкершілікті тең бөлісіп, халыққа нақты, шынайы ақпаратты қалайда жеткізуіміз керек», - деді Жанарбек Әшімжан.