Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жетекшілік еткен үкіметтік жұмыс тобы Алматы облысына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбуктегі ресми парақшасында ведомство басшысы Елжан Біртанов жергілікті дәрігерлермен кездескені жазылды. Министр алдағы үш жылда шалғайдағы ауруханалар заманауи медициналық техникамен жабдықталып, жас мамандар жаппай өңірлерге баратынын атап өтті.
«Денсаулық саласындағы кадр тапшылығына, медицина қызметкерлерінің жалақысының төмендігіне және сапалы алғашқы медициналық көмекке баса назар аударып отырмыз. Бұл мәселелерді жергілікті әкімшілікпен бірлесіп шешудеміз. Кадр тапшылығын жою мақсатында жас мамандар диплом алған соң үш жыл ауылдарға барып жұмыс істеуге тиіс болады. Сонымен қатар, ауылдардағы медициналық мекемелерді үш жылда жаңа медициналық техникамен толық жабдықтап, екі жылда жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етеміз», - деді Е.Біртанов.
Айта кетейік, Үкімет мүшелерінің облысқа сапарының мақсаты - Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру. Бұған дейін жұмыс тобы еліміздің бірнеше өңірінде болды.