26 нау, 2024 сағат 16:14

Жартасқа жазу жазған шенеунік жаңа қызметке тағайындалды


Маңғыстаудағы Ыбықты-Cай шатқалында ойып жазу жазған шенеунік жаңа қызметке тағайындалды. Ол енді Ақтөбе облысындағы Байғанин аудандық мәдениет үйін басқарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Еуразия» телеарнасының хабарлауынша, Қазақ зағиптар қоғамының қалалық мәдениет үйінің экс-директоры Манас Көшербаевтың тағы да басшылық қызметке келген.

«Биыл 15 ақпанда Байғанин аудандық мәдениет үйінің директорының бос лауазымына орналасуға конкурс жарияланды. Құжаттары конкурс талаптарына сәйкес келетін кез келген Қазақстан азаматы өтініш бере алады. Конкурсқа үш адам құжат тапсырды. Оның ішінде Көшербаев Манас Маратұлы да болды. Конкурстық комиссияда екі азаматтың біліктілігі талапқа сай келмейтіні, екі кандидаттың да басшылық қызмет атқармағаны белгілі болды. Ал Манас Көшербаевтың құжаттары барлық талапқа сай келді. Сондықтан ол 6 наурызда Байғанин аудандық мәдениет үйінің басшысы болып тағайындалды», - делінген хабарламада.


Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстаудағы Ыбықты сай шатқалында ойып жазу жазған ер адамның әрекеті видеоға түсіп қалғанын хабарлағанбыз. Ер адам балға, бұрағышқа ұқсас затпен жартасқа ойып жазады. Әлеуметтік желілерде ер адамның ерсі әрекеті түсірілген видео тарады.