14 ақп, 2022 сағат 14:21

Жарқын болашаққа негіз болған сапар


Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды. Бұл – Қазақстан Пре­зидентінің осы елге жасаған биыл­ғы алғашқы сапары. Екі күн­нің ішінде, яғни 10-11 ақпан күн­дері Мемлекет басшысы әуелі Мәс­кеуде, содан кейін Ресей­дің қарқынды дамып келе жатқан аймағы – Татарстан Респуб­ли­касында болды.

Біздің Президентіміз Владимир Путинмен Мәскеуде жоғары деңгейде мазмұнды, ең бастысы табысты кездесу өткізді. Екі көшбасшының айтуынша, 4 сағаттан астам уақытқа созылған әңгіме Қазақстан мен Ресей арасындағы күн тәртібінде тұрған қазіргі өзекті мәселелерді ашық әрі өзара сенім негізінде талқылауға мүмкіндік берді.

Келіссөз форматының ашық болғаны сондай президенттер әлеуметтік ара қашықтықты сақтамай, қол алысып, бір-бірімен төс қағыстырып амандасты. Осыдан-ақ кездесудің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын байқауға болады. Қазіргідей «ковид» кезінде  мұндай жоғары деңгейде қабылдау – сирек кездесетін жағдай. Иран, Франция сияқты елдердің Президенттерін салқын қабылдап, олармен үлкен ақ үстелдің екі басында отырып келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуі Кремльдің Каминный залында өтті. Хаттама бойынша прези­денттер бір метр ара қашықтықта отырды. Қазақстан Президентімен кездесудің ерекше форматта өтуі екі елдің шынайы достық қарым-қатынаста екенін көрсетеді. Мұндай ерекше ілтипатты былтыр жыл соңында Санкт-Петербургте өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің саммитінен де байқауға болады.

Владимир Владимирович пен Қасым-Жомарт Кемелұлы қала көшелерімен жүргенде бір көлікке отырып, мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастарды талқылады.

Екі ел басшыларының Кремльде өткен келіссөздері білім  беру, цифрландыру, ғарышты игеру салалары мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытында мамандар даярлау ісі бойынша маңызды келісімдер топтамасына қол қоюмен аяқталды.

Қазақстанда Ресейдің жетекші жо­ғары оқу орындарының филиалдары желі­­сін кеңейту, сондай-ақ біздің «Бола­шақ» бағдарламасы аясында қажетті мамандар даярлау жөнінде маңыз­ды уағ­даластықтарға қол жеткізілді. Бұл бағыт бойынша Алматыда МИФИ-дің, Аты­рауда Губкин атындағы уни­вер­ситет­тің филиалдарын ашу жұмыстары бас­талып та кетті. Бауман атындағы Мәс­кеу мемлекеттік техникалық универ­си­те­­тімен және басқа да бірқатар оқу орны­­мен олардың өкілдіктерін ашу жайын­да келіссөздер жүргізілуде. Қазақ­стан­ның «Халықаралық бағдарламалар орта­лығы» акционерлік қоғамы Ресей Феде­ра­циясының МИФИ, МФТИ, Губкин атын­дағы РМУ, Бауман атындағы ММТУ, ИТМО, МИСиС сияқты жетекші алты тех­­никалық университеті мен «Бола­­шақ» бағдарламасы аясында ынты­мақ­тас­тық орнату туралы меморандумға қол қойды.

Осы тұста аталған мәселе бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлының аса пайдалы ұсынысын қолдаған Владимир Пу­тиннің ерекше ықыласын атап өткен жөн.

Қазақстан Президентінің пікірінше, осы игі бастамалар жастарымыздың озық техникалық білім алуына мүм­кін­дік береді. Сонымен қатар Қазақстан Респуб­ликасы Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі минис­трлігі мен Ресей Федерациясы Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі цифрландыру саласында тәжірибе алмасу туралы мемо­рандумға қол қойды. Бұл құжат цифр­лық даму саласындағы ынты­мақтас­тықты дамытуға, соның ішінде екі елдің мемлекеттік қызметші­леріне қажет­ті техникалық және ұйымдас­ты­ру­шылық дағдыларды үйретуге бағытталған.

Сондай-ақ тараптардың цифрлық сала басшыларын даярлау бағдарламасын бірлесіп іске асыру, IT мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттырудың қарқынды бағдарламасын іске қосу, Astana Hub халықаралық технопаркі базасында цифрлық трансформация құралдарын қамтамасыз ету және қолдау жөнінде келісім жасалды. Сонымен бірге елдеріміздің цифрлық трансформациясы аясында жасанды интеллект құралдарын қолдану және ауқымды деректерді талдау саласында тәжірибе алмасуға уағдаласты.

Келіссөз «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Трансмашхолдинг» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы маңызды келісіммен қорытындыланды.  Бұл құжат маневрлі және магистральды локомотивтерді, жүк вагондарын және Ресей теміржол машина жасау саласының басқа да өнімдерін жеткізуді көздейді.  «Трансмашхолдинг» – темір жол машинасын жасау саласының ірі өндірушісі және ұзақ жылдан бері Қазақстан темір жолының негізгі серіктестерінің бірі.

Кездесу барысында Владимир Путин Ресейдің Қасым-Жомарт Тоқаевты барынша қолдайтынын айтты.

– Біз Ресей мен Қазақстанның ынтымақтастығы одан әрі кеңейіп, арта түсетініне сенімдіміз. Қазақ­стан Президенті өз елінде азаматтар­дың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын қам­тамасыз етуге, сыбайлас жемқорлықты жоюға, экономиканы жаңғыртуға, елдің күштік құрылымдарын нығайтуға бағыт­талған бірінші кезектегі шара­лардың кешенді жоспарын іске асыра бас­тай­тынын айтты. Біз қазақстандық әріп­тестерімізге бекітілген жоспарларының табысты орындалуына тілектеспіз және бұған жан-жақты көмектесуге дайынбыз, – деді Ресей Президенті.

Биыл Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастар тарихында атаулы дата бар екенін атап өткім келеді. Бұл елде­ріміз арасындағы дипломатиялық қаты­настардың 30 жылдығы.

Осы уақыт ішінде мызғымас дос­тыққа, ортақ тарихқа, Қазақстан мен Ресей халықтарының ментальдық тұрғы­дан жақындығына сүйене отырып, жо­ғары деңгейдегі басшыларымыз мем­лекетаралық үлгілі ынтымақтастық орнатты. Осы ынтымақтастық барлық сала бойынша зор жетістік пен табысқа қол жеткізді. Біздің мемлекеттеріміз ара­сындағы өзара қарым-қатынастар халықаралық қоғамдастыққа нағыз тату көршіліктің, сенімді одақтастық пен стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісін көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесуі өте нәтижелі болды.  Бұл жүздесуде елдеріміз арасындағы іскерлік серіктестікті одан әрі ілгерілету мәселелері талқыланды. Президент барлық күш-жігерді, ең алдымен, сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге шақырды.

Мәскеудегі табысты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Ресей Феде­рациясындағы жұмыс сапарын Татарстан Республикасында жалғастырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы мыңжылдық тарихымен және аса бай мәдени мұрасымен танымал Қазан қаласына алғаш рет ат басын бұрды.


Қазақ пен татар ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған туыстас халық. Біздің тарихымыз ортақ, дініміз бен тіліміз бір. Сонау XVI ғасырдың ортасында Иван Грозный Қазанды басып алғандағы қырғын біздің фольклорымызда ерекше із қалдырған. Қазақтың «Шора батыр», «Нәрік батыр» жырларында осы шайқастар баяндалады. Сонда Қазанды жау қоршады деп аттанып бара жатқан қазақтың батыры Шора:

«Нәріктің ұлы Шорамын,

Мен Қазанға барамын.

Мен Қазанға барғанша,

Қан жаумасын, қар жаусын,

Мен Қазанға барған соң,

Қар жаумасын, қан жаусын», – деп жырлаған екен. «Қазан жорығы» деп аталатын күй де бар.

Ал тұтас ұлтты жаңа сапаға көтерген Алаш зиялыларының да қызметі мен өмірі осы Қазан қаласымен тікелей байланысты. Көбі осында білім алып, татар аруларына үйленді. Татар автономиясы мен Алаш автономиясы үнемі тізе қосып, бірге күрескенін тарихтан білеміз. Қазақтың алғашқы кітаптары да осы қалада басылды. Көрнекті Алаш қайраткері Уәлитхан Танашұлы Қазанда өмір сүріп, татар үкіметінде қызмет істеген. Демек, туыстас екі халық ежелден жұбын жазбаған. Татар ағайындардың қазақ халқына деген айырықша ықыласы ғасырлар бойы жалғасып келеді.

10 ақпан күні ақшам уақытында белгілі татар ақыны Ғабдолла Тоқай атындағы Татарстан астанасының халықаралық әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика басшысы Рустам Минниханов пен оның делегациясы қарсы алды. Ақын есімінің елімізбен тығыз байланысты болуының да астарында бір сыр бардай. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Ғабдолла Тоқай небәрі 26 жасының 12 жылын Орал қаласында өткізген. Осы жерде татар әдебиетінің алтын қорына енген бірқатар туындысын жазып үлгерді. Орал қаласында оның құрметіне қойылған бюст пен көше атауы бар. Қазақстанның басқа қалаларында, соның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте ақын Ғабдолла Тоқай атындағы көшелер бар.

Біздің сапарымыз кезінде Қазанда қар жауғанымен, аяз аса қатты болған жоқ. Қаланың көркі көз тоятындай. Қазан – тарихы терең заманауи мегаполис.

Мемлекет басшысының Татарстанға сапары ғасырлық тарихы бар Қазан Кремлінен басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда «Құл Шариф» мешіті мен Благовещенский соборын аралап көрді. Президент бір-бірінен қол созым жерде тұрған мұсылман мешіті мен православ шіркеуінің орналасуын достық символы деп атап өтті.

Қазан Кремлінің аумағында Президент сарайы орналасқан. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов осында ресми делегациялардың қаты­суымен екіжақты кездесу өткізді. Қазақ көшбасшысының республикаға сапары кезінде Татарстан басшысы бірге жүргенін атап өткен жөн. Араларында достық қатынастың орнағаны айтпаса да түсінікті. Бұл – олардың соңғы 10 айдың ішіндегі үшінші кездесуі.

Кездесу басында Президент мем­лекеттік тілде сөз сөйлеп, дипломатиялық қызметі аясында және БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары лауазымында жүргенде алты құрылықты араласа да, Қазан қаласына алғаш рет келіп отырғанын айтты. «Мұным ұят болды, бірақ ештен кеш жақсы» деп әзілдеді Президент.

Осы кездесуге Татарстандағы қа­зақ­тардың ұлттық-мәдени авто­номиясының басшысы Сағит Жақсыбаев та келіп,  Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақ қауымдастығының құрылу тарихы мен қызметі жөнінде айтты. 1992 жылы ол Татарстан халықтары Ассамблеясының негізін қалап, 2007 жылға дейін осы ұйымды басқарды. Қазіргі уақытта республикада 2 мыңға жуық қазақ тұрады, олардың басым көпшілігі – студенттер.

Кездесу барысында сауда-эконо­микалық және инвестициялық кооперацияны дамытуға баса мән берілді. Қазақ­стан мен Татарстанды екі халық­тың тарихи тамырының, рухани құн­дылықтарының жақын болуы ғана емес, белсенді экономикалық қатынастар да тығыз байланыстырады.

Ресей субъектілерінің ішінде же­текші орын алатын және даму қар­қы­ны жыл сайын үдеп келе жатқан Татарстанның Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығының ауқымды болуы осының айқын дәлелі.

Татарстан экономикасының флагманы болып саналатын «ТАНЕКО» мен «КАМАЗ» компанияларын өзара іс-қимылдың жарқын мысалы ретінде атауға болады. Қазақстан Президентінің Нижнекамск және Набережные Чел­ны қалаларында орналасқан зауыттарды аралап көруі Татарстанға сапарының ең маңызды бөлігі болды. Бұл корпорациялардың елдеріміз ара­сындағы сауда-экономикалық қаты­настардың дамуына қосқан үлесі зор екені сөзсіз. Мысалы, қазір Қостанай және Қарағанды облыстарында КАМАЗ автобөлшектері мен «Татнефть» автокөлік дөңгелектерін шығаратын зауыттарды салу бойынша үш жоба белсенді жүзеге асырылмақ. Бұл компаниялардың қатысуымен тағы да үш ірі жоба қолға алынады. Өз кезегінде Татарстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 40-қа жуық бірлескен кәсіпорын табыс­ты жұмыс істеп жатыр.  

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Нижнекамск қаласындағы «ТАНЕКО» кешенін аралау барысында «Татнефть» кәсіпорнында тағы­лым­дамадан өтіп жатқан қазақстандық жас мамандармен кездесті. Жуырда «Татнефть» компаниясы мен Семей қаласының геологиялық барлау колледжі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Нәтижесінде, биыл­дан бастап қазақстандық колледждің студенттері осы кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтетін болды. Осындай кездесу Набережные Челны қаласында да өтті. «КАМАЗ» компаниясының зауы­тында біліктілігін арттырған қазақ­стандықтар, елге оралған соң Қоста­найдағы осы кәсіпорынның зауытында жұмыс істейтін болады.

Татарстан – Ресейдің барлық жағынан дамыған аймағы. Бұл респуб­лика өзінің ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, технологиялық дамуда қуатты серпіліс жасай алды.

Қазан қаласында Қазақстан Прези­ден­тінің құрметіне Татарстан Президентінің атынан салтанатты қабылдау мен концерт ұйымдастырылды. Шара аясында қазақ, татар, орыс халық әндерімен қоса Шәмші Қалдаяқов пен басқа да композиторлардың туындылары орындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір ісса­пардан елге оралған сайын дәстүрлі түр­де ел ішіндегі және шетелдік сапар­лардың нәтижесі туралы әсерімен бөліседі. Осы сапарға қатысты Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына қысқа мерзімді, бірақ өте мазмұнды сапары­ның нәтижесіне көңілі толатынын, оның Қазақстан мен Ресей арасын­дағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту тұрғы­сынан табысты болғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Феде­рациясына жасаған осы жолғы сапары мен жоғары деңгейде өткен келіссөздерін Қазақстан мен Ресей арасында кейінгі жылдардағы кездесулердің ішіндегі ең маңыздысы деп есептейді. Ресей Президенті де осындай көзқараста деп ойлаймын.

Берік УӘЛИ,

Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы,

"Егемен Қазақстан" газеті