Жапония үкіметі толығымен отставкаға кетті. Қазіргі премьер-министр Фумио Кисида жетекшілік ететін елдің жаңа үкіметінің құрамы кейінірек жарияланады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, Жапония министрлер кабинетінің кезектен тыс отырысы Токио уақыты бойынша 11:30-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 08:30) басталды. Алғашында жаңа үкіметті құруды Кисида осы жылдың қыркүйек айының басына жоспарлаған болатын.
Бірақ "жаңа капитализм" экономикалық концепциясын ілгерілетуді жеделдету, азық-түлік пен жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты қажетті шараларды қабылдау, сондай-ақ парламент сессиясына алдын ала дайындалу мақсатында оны қазір өткізу туралы шешім қабылданған.
Ағылшын тіліндегі Kyodo сайтының хабарлауынша, Кисида әкімшілігіндегі ақпарат көздері министрлер кабинетінің бас хатшысы Хироказу Мацуно, Сыртқы істер министрі Йосимаса Хаяси және Қаржы министрі Шуничи Судзуки өз қызметінде қалатынын мәлімдеген.