Фото: pexels.com
Жамбыл облысында полицейлер жасөспірімдердің үйден кетіп қалу себептері туралы айтып берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жыл басынан бері Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің үйден кетуінің 242 дерегі тіркелді, олардың 215-і кезекші тәулікте табылды, қалғандарының тұрғылықты жері бірнеше тәулік ішінде анықталған.
Себептеріне тоқталсақ, полиция статистикалық талдау жүргізген. Олардың ішінде мынадай себептер аталған: отбасындағы жанжал жағдайлары, ата-аналардың жұмысбастылығы, нәтижесінде балалардың бос уақыты мен байланыс ортасына қатысты бақылаудың болмауы, кәмелетке толмағандардың бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауы, компьютерлік ойындарға деген әуестік, отбасындағы қолайсыздық және жасөспірімнің өзін-өзі бағалауы, өзін құрметтеуіне, төтенше, кейде қауіпті жолдармен танылуға және бақылаудан шығуға деген ұмтылысы.
Балалар нақты мекенжайды білмей, автобуспен жүріп немесе үйден ұзап бара жатқанда адасып кету, кездейсоқ кету жағдайы сирек кездесіп жатқаны айтылады.
Мәселен, 17 жастағы жасөспірім шкафтағы заттарды ақтарып жүріп, әжесінің жасырған ақшасын тауып алып, оған ұялы телефон сатып алған. Мұны білген әжесі немересіне ұрысады, ал ол ренжіп үйден жасырын кетіп қалады. Полиция жасөспірімді таңертең үйден 35 шақырым жерден тапқан.
Ал 13 жастағы бала ата-анасымен сабақтан төмен баға алғаны үшін ұрысып, ешбір ескертпестен, досының үйіне қонады. Осыған қатысты ата-аналармен және кәмелетке толмаған жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер өткізілді.
Қазіргі таңда үйден кеткен барлық жасөспірімдер табылып, ата-аналарына қайтарылды. Балаларға қатысты не олардың қатысуымен жасалған қандай да бір қылмыс жасау фактілері оларды іздестіру кезеңінде тіркелмеген. Барлық балаларды іздеуге тек полиция қызметкерлері ғана емес, еріктілер мен осыған бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар да қатысты.