27 қаз, 2022 сағат 14:36

Жанармай станциясында адамдар тірідей өртеніп кетті – прокуратура

© Sputnik/Александр Мироглов

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандарға қатысты қылмыстық істерді тергеу барысы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазіргі кезде қасақана адам өлтіру бойынша 150-ге жуық қылмыстық іс қозғалды. Бірақ тергеу кезінде әлі де көп нәрсені анықтау керек.

"Мысалы, күзет саласының қызметкерлері нысанды қорғау кезінде адам өлтірген. Сондай-ақ жанар-жағармай станциясында адамдар жанып кеткен. Ол жерде құқық қорғау қызметкерлері болмаған, ешкім болмаған. Өздері жанып кеткен бе, біреу жағып жіберген бе, түсініксіз. Қазір осының бәрі тексеріліп жатыр", - деп атап өтті Шындалиев

Осы орайда бас прокурордың орынбасары адам өлімі бойынша тергеу жұмысы не себепті ұзарып кеткенін түсіндірді.

"Көбісі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапты. Сосын антитеррористік режим енгізілді. Сол кезде тергеу топтары оқиға орнына шыға алмады. Медицина қызметкерлері өлген адамдардың денесін бірден мәйітханаға апарды. Оқиға орнында тексеріс жасалмады, қажетті айғақтар жиналған жоқ. Ал марқұмдарды туыстары бірден мәйітханадан әкетіп, жерлеп отырған. Соған қарамастан, тергеу органдары қажетті тексерісті жүргізіп жатыр. Қайтыс болған адамдардың қалай және қайда барғаны зерделенеді. Балистикалық сараптамалар да тағайындалды" , - деп атап өтті Шындалиев.

Оның айтуынша, адам өлтіру бойынша барлық іс Қылмыстық кодекстің үш бабы - 99 (Адам өлтіру), 362 (Билікті асыра пайдалану) және 146 (Азаптау) бойынша тергеліп жатыр. Кінәлі адамдар рақымшылыққа ілінбейді.